“Қайрат“ – “Реал“: Чемпиондар лигасындағы матч билеттері туралы не белгілі?

“Қайрат“ – “Реал“: Чемпиондар лигасындағы матч билеттері туралы не белгілі?
Фото: instagram.com/f.c.kairat

Бүгін УЕФА 2025/26 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің ойындар күнтізбесін жариялады. Бірақ билеттер сатылымға әзір шыққан жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Чемпиондар лигасындағы алғашқы матчін "Қайрат" Португалияда "Спортингке" қарсы 19 қыркүйекте өткізетіні белгілі болды. Ал мадридтік "Реалға" қарсы өз алаңындағы ойын 30 қыркүйекке жоспарланған.

"Қайрат" матчының билеттері

Қазір "Спортинг" те, "Қайрат" та өз алаңындағы ойындарға билет сатылымын ашпады.

Чемпиондар лигасының 15 дүркін жеңімпазына қарсы ойын билеттерін "Қайраттың" ресми сайтынан сатып алуға болады.

Ол үшін сайттағы "Билеттер" бөліміне өтіп, қажет ойынды таңдау қажет. "Реалмен" кездесу Қазақстан чемпионатындағы "Жетісумен" өтетін матчтен кейін ұйымдастырылады.

Айта кетейік, "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы алдыңғы ойындарына билеттер ticketon.kz сайтында да сатылады. Ол үшін басты беттен "Спорт" бөлімін таңдап, қажетті ойынды белгілеу керек болған.

19 тамызда, яғни "Селтикпен" ойынға тура бір апта қалғанда, алматылық клуб билет сатылымын бастаған. Бағалар 3000 теңгеден басталып, билеттер өте жылдам сатылып кеткен.

"Бұл матчке рекорд қызығушылық тіркелді - 100 мыңнан астам билетке өтінім түсті. Соның нәтижесінде барлық билет пакеті бір жарым сағатқа жетпей сатылып кетті", – делінген клуб хабарламасында.

Еске салайық, алматылық клубтың төрт бірдей ойыншысы қыркүйекте өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі матчтеріне Қазақстан құрамасына шақырту алды. Ұлттық құрама Уэльс (4 қыркүйек) және Бельгиямен (7 қыркүйек) кездеседі.

Құрамаға шақырылғандар: қақпашы Темірлан Анарбеков, қорғаушы Еркін Тапалов, жартылай қорғаушы Дамир Қасабулат және шабуылшы Дастан Сатпаев.

"Қайрат" "Спортингпен" сырт алаңда 18 қыркүйектен 19 қыркүйекке қараған түні, сағат 00:00-де (Қазақстан уақыты) ойнайды.

Сонымен қатар, Чемпиондар лигасындағы "Қайраттың" нәтижесі Қазақстанның УЕФА коэффициенттер рейтингін жақсартты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget