26 шілдеде сағат 19:00-де Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан Премьер-лигасының көшбасшылары - "Қайрат" пен "Ордабасы" кездеседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Матчке көрермен көп жиналатындықтан, стадион қақпалары ойын басталардан үш сағат бұрын, яғни сағат 16:00-де ашылады. Жанкүйерлер Абай даңғылы, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелері жағындағы кіреберістер арқылы өте алады.
Ұйымдастырушылар қауіпсіздік тексеруінен тез өтіп, ұзын-сонар кезекке тап болмау үшін стадионға ертерек келуге кеңес берді. Кездесуге арналған билеттердің барлығы сатылып кеткен.
"Трибуналар лық толады. Әрбір жанкүйердің дауысы мен қолдауы маңызды. Жеңіске бірге жетейік!" - деп үндеу жасады "Қайрат" клубы.
Матч күні қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге екі мыңнан аса полиция қызметкері, Ұлттық ұлан сарбаздары және басқа да қызмет өкілдері жұмылдырылады.
Алматы полициясы жанкүйерлерге жол бағытын алдын ала жоспарлап, құқық қорғау органдарының талаптары мен стадиондағы тәртіп ережелерін сақтауды ескертті. Сондай-ақ, көрермендерді бір-біріне құрметпен қарап, командаларын заң аясында қолдауға шақырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz