Тұрсынбек Қабатовтың "Әзіл әлемі" арқылы халыққа танылған әзілкештер Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппаров Қазақстанның 48 қаласында концерт береді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 қыркүйекте Үржардан бастау алған концерт 30 желтоқсан күні Астана қаласында аяқталады. Үш айға созылатын сапарға өнер иелері қызу дайындалыпты. Екеуінің есеп беру концерті 40 жасқа толуына байланысты ұйымдастырылыпты.
"Көктемнен бері дайындалып жүрміз. 5-6 айдай тыңғылықты дайындалдық. Соңғы екі ай тіпті тек концерттің шаруасымен отырдық", – деді Қанат Әлжаппаров Revue news бағдарламасына берген сұхбатында.
Жоба авторларының айтуынша, жобаның негізгі концепциясы – 40-та қамал алу.
"Қайрат екеуміз биыл 40 жасқа толып жатырмыз ғой. Осы жасымызды халықпен бірге тойлайық деген ойдан туындаған жоспар", – деді Қанат Әлжаппаров.
Ал Қайрат Әділгерей бұл концертке "Ғасыр концерті" деген атау беріпті.
"Халық бізден көп нәрсе күтіп жатыр екен. Өзімізше "Ғасыр концерті" деп жатырмыз. Ғасырда болмаған концерт деп айтып алдық та, енді соған лайық болу үшін дайындалып жатырмыз. Жауапкершілік екеумізге де ауыр болып тұр, бізге қателесуге болмайды", – дейді ол.
Өнер иелері концерттің билеттері көз ілеспес жылдамдықпен өтіп жатқанына өздері де таңғалып қалғанын жасырмады. Ірі қалаларда тіпті аншлаг болып жатқан көрінеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!