Шымкентте жалған ақпарат таратқан әйел жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент Полиция департаменті мәліметінше, әлеуметтік желіде Қайрат Нұртастың концертіне қатысты жалған ақпарат таратқан әйел анықталып, жауапкершілікке тартылған.
"Әйел концерт барысында болған жағдайға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет жариялап, тұрғындар арасында негізсіз алаңдаушылық туғызған. Полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде әйел анықталды. Оған қатысты тиісті материалдар жинақталып, заңда белгіленген тәртіппен қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.
Шымкент Полиция департаменті азаматтарды мәліметтің шынайылығын тексеруге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі бойынша тергеу басталды. Алдын ала мәлімет бойынша сатылған билет саны концерт алаңының рұқсат етілген сыйымдылығынан айтарлықтай асып кеткен.
Кептеліс салдарынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Концертті ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз