- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қайрат Нұртастың гастрольдік...
"Қайрат Нұртастың гастрольдік сапары туралы оқушыларға арналған есеп": министрлік жағдайды қалай түсіндірді?
Әлеуметтік желіде Қайрат Нұртастың есімі аталатын есептің суреті тарады. Алғашында бұл мектеп оқушыларына арналған оқулықтан алынған деген де болжам болды. Massaget.kz тілшісі жағдайды анықтау үшін министрлікке сауал жолдады.
Есеп мазмұнында танымал әнші Қайрат Нұртастың гастрольдері туралы сауал қойылған.
"Есепті шығар. Қайрат Нұртас 18 күн гастрольде болды. Ол 12 күн бойына күнде 3 концерттен, екі күн 1 концерттен, ал қалған күндері 2 концерттен өткізді. Қайрат Нұртас қанша концерт көрсетті?" - деп жазылған.
әлеуметтік желіден алынған кадр
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өкілі бұл жалған ақпарат екенін айтты.
"Суретте көрсетілген "Құрылымы күрделі теңдеулер" тақырыбы бойынша берілген тапсырма - мұғалімнің қалыпты бағалауға әзірлеген жеке тапсырмасы. Ал қолданыстағы 3-сыныптың "Математика" оқулығында бұл тапсырма жоқ (суретте көрсетілген). Қазіргі таңда автор (желіде таратқан - еск.) постын өшірді", - деп жазылған ведомствоның жауабында.
Еске салайық, бұған дейін 9-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиеті" оқулығында ("Мектеп" баспасынан 2019 жылы шыққан. Авторлары: Керімбекова Б., Мұқанова Ж.,) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты тарау бары хабарланды. Бұл кітапта ақын Несіпбек Айтұлының "Бәйтерек" поэмасынан бастап, әртүрлі тақырып қамтылған. Осы мәселеге қатысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова