Танымал әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков "Әсембике" бағдарламасында Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында ұлының өнерден көп таяқ жегенін айтып, ағынан жарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нұртас Айдарбековтің айтуынша, Қайрат Нұртас өнерден көп таяқ жегендіктен өз балаларының өнер саласына барғанын қаламайды екен.
"Балаларының өнер адамы болғанын жақтыра бермейді. Өйткені ол өнерден көп таяқ жеді. Аяғынан анау да шалды, мынау да шалды. Содан ба, білмеймін, балаларының ән айтып, өнерге барғанын қаламайды. "Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды" дейді ғой, қолымыздан келгенше қорған болуға тырысып жүрміз. Әрине, ешкім келіп басынан таяқпен ұрып жатқан жоқ, бірақ сөз, іс-әрекет дегендей", - деп өнер жолындағы өкінішті сәттерін есіне алды Нұртас Айдарбеков.
Әрине, әкесі Қайрат Нұртастың да жастық жалынмен қызбалыққа салынып кететінін жоққа шығармайды. Дегенмен, халық оны бәрібір ақтап алады, жақсы көреді деп жұбатады.
"Қанша дегенмен жас қой, кейде қызбалыққа салынады. Сондайда "Балам, қоя бер, ең бастысы халықтың басым көбі сенің жағыңда. Оны елеме, өз тірлігіңді істеп, алға қарай жүре бер. Халық өзі керек кезінде сақтап алып қалады" деп айтып отырамын. Мысалы, баяғы "Прайм плазадағы" жағдайда Қайраттың еш кінәсі жоқ қой. Артық айтсам ренжімеңіз, Қайраттың жұмысы ғой бұл істеп жүрген, Қайратқа тапсырыс түсіп, ақшасын төлеп, "әжетхананың қасында ән айтып бересің десе", ол айтады. Өйткені ол - оның жұмысы. "Прайм плазада" да солай болды, ақшасын төледі, шақырды. Баннерге үлкен етіп суретін салды. Жұрттың білетіні - Қайрат. Содан жұрт "Қайраттың жеке концертінде көтеріліс болды" деп шулап кетті. Негізінде ол жерде Қайраттан басқа да әншілер болған", - деп еске алды әкесі.
Осы оқиғадан кейін Қайрат Нұртастың жолына тас қойып, бөгет болғысы келгендер көбейіпті.
"Сол кезде Қайратты аяғынан қатты шалды. Республика сарайында марқұм Арман Дүйсеновтің концерті өтіп жатқан. Қайрат та оның бірнеше әнін орындайтын. Қайрат барып, бір-екі әнін айтып берейін десе ішке кіргізбей қойыпты. Содан кейін мен бір-екі үлкен кісіге барып "Халық жауы болса алып шығып, алаңда атып тастай салсаңызшы. Әншіні Республика сарайына кіргізбей қою деген не сұмдық?!" деп айттым. "Шамалы қоя тұрыңыздар, бір жылдың ішінде бәрі де басылар, жоғарыдағылар шулап кетті" деп шығарып салды. Сондайдың бәрі Қайратқа үлкен соққы болып тиді", - деп ағынан жарылды Қайрат Нұртастың әкесі.
Еске сала кетейік, жақында Қайрат Нұртас құқықбұзушылық жасағаны үшін қамауда болған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!