Балқашта жаңа әкім таныстырылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша бұл қызметке Қайрат Қамзин тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қарағанды облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Қайрат Қамзин Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Бұрынғы қала әкімі Ораз Тәуірбеков жаңа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Жеңіс Қасымбек оған атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа салада табыс тіледі.
"Осыдан үш жыл бұрын Балқаш қаласының әкімі лауазымына тағайындау кезінде осы мінберде тұрып, өзіме жүктелген міндеттерді орындауға және қаланы дамытуға бар күш-жігерімді жұмсауға уәде бердім. Осы кезеңде бірлескен жұмыстың арқасында көп жұмыс атқарылды және орын алған проблемаларды шешу жалғастырылатын болады", - деді Ораз Тәуірбеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!