Алматы әкімі Ерболат Досаев "Қайрат" футбол клубының тағдырына қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengri Sport тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты. "Қайрат" жанкүйерлерінің бірі мегаполис басшысынан клубтың тағдыры туралы сұрады.
"Қайрат" қазір қиын жағдайда, оған көмек керек. Ондағы футболшылар "Ақтөбе", "Астана" және басқа клубтарға кетіп қалды, өйткені олар көп төлейді және кез келген ойыншыны таңдай алады. Ал бізде Алматыда үш миллион адам тұрады, бірақ клуб төртінші орында. "Қайрат" академиясының барлық үздік тәрбиеленушілері басқа командаларға кетті", - деп налыды алматылық клубтың жанкүйері.
Ерболат Досаев "Қайрат" әлі жекеменшікте екенін, әкімдік футбол клубының қала балансына өтуін күтіп отырғанын айтты.
"Жекенің меншігінде болғандықтан, шешімін күтіп отырмыз. Қала балансына өткеннен кейін барлық мәселені шешеміз. Қазір "Қайрат" - жекеменшік клуб. Оны әлі бізге берген жоқ, бізге өткен соң қала көмектеседі. Сот шешім шығарсын", - деді Алматы әкімі.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ-та "бизнесмен Қайрат Боранбаев "Қайрат" футбол клубын барлық инфрақұрылымымен Алматы әкімдігіне берді" деген ақпарат тараған болатын. Кейін "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!