Қайрат Боранбаевтың туысы Әбілхан Боранбаев пара бергені үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Боранбаевтың лауазымды тұлғаларға пара беру дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі) және Қ.-ның құқық қорғау органының лауазымды қызметкері бола тұра пара алу дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) қылмыстық істі қарады.
"Б. аға жедел уәкілі Қ. мен Ш.-ға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 миллион теңгеден аса пара берген. Өз кезегінде Қ. және Ш. алдын ала сөз байласу арқылы пара алып, тергеу-қамауға алынған Б.-ны айдауылдау кезінде оған мобильді байланыс, кездесулер, туған күнін алкогольді ішімдіктермен тойлау арқылы үшінші тұлғалармен процестік емес байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген", - делінген хабарламада.
Прокурор айыптауды қолдап, сотталушыға Б.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге, ал сотталушыға Қ.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап Б. және Қ.-ға Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәгерлердің айғақтарымен, банк мәліметтерінің үзінділерімен, бетпе-бет кездесулермен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот Б.-ның 4 баласы болуын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға және қылмыстық құқықбұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін, ал Қ.-ның 3 баласы болуын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық, жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Сотталушылардың жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
"Сот үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қ. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, наурызда Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған. Ал қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарған еді.
Кейін оның Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді мемлекет меншігіне тапсырғаны белгілі болды. Аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақ үй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!