Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару шараларын қабылдап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайрат Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақүй кешенінің жылдық айналымы 900 миллион теңгеге жуық.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанда демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырып, әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланып отыр. Активтерді қайтару бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 14 қыркүйекте Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен 90 миллиард теңгенің мүлкін қайтарғанын хабарлады.
"Тергеу шеңберінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес-орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді қоса алғанда, құны 90 миллиард теңгеден асатын активтерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару жөнінде шаралар қабылданды", - делінген Антикор хабарламасында.
Сондай-ақ, Қайрат Боранбаев білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 миллиард теңге аударған еді.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Қайрат Боранбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасағаны хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыз: Жануарлар жер сілкінісі болатынын алдын ала сезе ме?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз