- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қайдан келді бұл...
Қайдан келді бұл зұлмат?
Жазықсыз азаматтардың өмірімен қоштасып, қаншама әулеттің шаңырағы шайқалтқан зұлмат қайдан келді?
Ол әзірше нақты белгісіз. Белгілісі, дәл қазір қандай да бір күштер біздің қорқытқысы келеді. Жай ғана қорқытып қана қоймай, жеке мақсаттарының құрбаны қылып, қолжаулық етпекші. Олар баһадүр батыр ұрпағының құтын қашырмақшы. Біз – бірлігі жарасқан бақуатты елміз. "Әр қазақ менің жалғызым" деп ұрандайтын ұлы халықпыз... Болып жатқан оқиғаларды біреу ішкі күштер, екіншісі сыртқы күштердің тарапынан дейді. Қай күштердің әсері болса да, қазақтың қазаққа оқ атқаны жанға батты. Қазақ, қазаққа оқ атпа! Жалғыз қазақ емес, Қазақстанда өмір сүретін кез келген ұлт өкіліне қаруыңды қаратпа! Біз – бір қазаннан ас ішкен бір үйдің баласымыз. Оны ешқашан ұмытпа!
Мassaget.kz – негізінен танымдық бағыттағы портал. Саяси, діни тақырыптарға араласпайды. Басты мақсаты – қазақ жастарын қызықты ақпараттар арқылы ғылым-білімге баулу. Бірақ, бабамыз "шыдамның да шегі бар" деп бекер айтпаған екен. Біздің де шыдам таусылды. Қолына қалам алмағанда қайтсін, ару қалада қанды оқиға орын алып, көз жасы көл болып жатса... Әдетте біз қызметтерін бағаламай, қаралап жүретін қауіпсіздік қызметкерлері жазықсыз жан тапсырды. Тағы жетеуі жан сақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатыр. Кім үшін қанға оранып, не үшін мұндай күйге түсті? Әрине, сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін...
Қаймағы бұзылмаған қалың елім, қайдасың? Бірлікті ту еткен бауырларым, қайдасыңдар? Осындай қаралы күндерде біз бір-бірімізге қорған болуымыз қажет. Бізді тығырықтан алып шығатын бірлік пен сабырлық қана. Осы екеуін тең ұстайық, текті елім!
Е. Жұмабайұлы