- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Асқар Жүнісбековтың шығармашылығы
“Қайда жүрсің?“ дейтіндерден шаршадым“. Әнші Асқар Жүнісбеков соңғы жаңалықтарын бөлісті
"Хат жазып тұр", "Сен қасымда болмасаң", "Жаса Қазақстан" сынды танымал хит әндердің орындаушысы, әнші Асқар Жүнісбеков қазір немен айналысып жүр? Өнер иесінің өмірі мен шығармашылығында қандай тың жаңалықтар бар? Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
Асқар Жүнісбеков - әнші, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері. Соңғы жылдары сахнадан көрінбей кеткен ол қазір шығармашылыққа толық көңіл бөлгенін айтты. Жаңа әндер жазып, концерттік тур бағдарламасын да әзірлеп жатқанын тілге тиек етті.
"Өнер мен өмір жайлы ойда жүрмін"
Асқар мырза "қазір қайда жүрсіз?" деген жауыр болған сұрақтардан шаршағанын айтты. Әншінің "қайда жүр?" деп іздеген жандарға айтар жауабы да дайын екен.
"Қайда жүрсіз?" деген сұрақтардан шаршадым шыны керек. Мені іздеген жан тауып алады. Мен бармын, жүрмін. Назира Бердалының әдемі сөзі бар ғой: "Сіз қайдасыз?" Расында, қайда жүрмін? Өлең мен өмір жайлы ойда жүрмін... Жайраңдап күліп жүрмін, жайнап жүрмін!" деген. Сол сияқты мен де айтар едім: "Өнер мен өмір жайлы ойда жүрмін" деп. Шығармашылыққа шынайы кірісіп жатырмыз. Бұйырса, жаңа әндер де болады, бұрын орындаған әндерімді қайта өңдеп шығарып та жатырмын", - деді ол.
фото: жеке архивтен
"Концертімде Шәмшінің өзі өнер көрсетеді"
Әнші Орал қаласында болатын концерті жайлы жаңалығын бөлісті.
"Қазір 24 қарашада болатын Оралдағы жеке ән кешіме дайындалып жатырмын. Жанды дауыста, live-бендпен және жаңа әндер орындалады. Бұл шешімге бір ай бұрын ғана келдім. Бірінші оралдықтарға концерт беріп көріп, сәтті болып, тыңдармандардың көңілінен шығып жатса, алдағы уақытта барлық қалаларды аралап қайтсам ба деген ниетім де бар. Қызығы, концертте "Шәмшінің өзі" өнер көрсетеді. Түсінбей жатқандар болса, концертке келіп, көрсеңіздер болады", - дейді әнші.
"15 жылдығымызға әйеліме ән арнадым"
Асқар Жүнісбеков әйелі Гүлжанарға отау құрғандарына 15 жыл толуына орай ән арнағанын айтты. Жары әншінің бұл сыйлығын жылы қабылдап, көз жасына ерік берген екен.
"Отбасы құрғанымызға биыл 15 жыл толып отыр. Жарыма осы күнге орай "Мен сені жақсы көремін" деген ән арнадым. Қатты қуанды. Жылап та жіберді. Әйел жаны нәзік жаратылыс емес пе? Екі ұлымның анасын осылай қуантып қойған жайым бар", - деді ол әйелі жайлы.
фото: жеке архивтен
"Өзгелер туралы бас қатырғым келмейді"
Әншіден өнерде болып жатқан соңғы жаңалықтарға көзқарасы жайлы сұрадық. Ақбота Керімбекованың Мұрат Әбділда жайлы айтқанына және TikTok желісінде жиі көрінетін жұлдыздарға қатысты ойын білдірді.
"Шыны керек, басқалардың сыртынан сөйлегім келмейді. Ол адамның өз өмірі, өзіне-өзі жауап береді. Әркімнің өзінің әлемі бар, өзінің талғамы бар. Халық бәрібір өзіне керегін алады. Біреудің есімін атап, түсін түгендемей-ақ қояйын. Әркім өз өмірін сүріп жүр ғой. Менсіз де ақыл айтқыш, данышпандар жетеді. Десе де, мүлдем бей-жай қараймын деген сөз емес. Менің де бала-шағам өсіп келеді. Олардың үйде дұрыс нәрсе тыңдауын қадағалаймын, ғаламтордың қатты дамып тұрған заманында бұл, әрине, оңай іс емес", - деді ол.
Сондай-ақ ол қазір сахнадан емес, желіден көп көрінетін әншілердің көптігі жайлы пікір білдірді.
"TikTok-та отырмаймын. Көбінен естіп те жатырмын. Әркім әртүрлі мақсатта отырады. Егер өнеріңді халыққа көрсетемін деген ниетте ән айтып, ән орындап отырсаң, бір бөлек дүние. Ал былай табыс табу мақсатында сағаттап отыру жайлы ештеңе дей алмаймын. Қазір айтсам, сол кісілерге тиіп кетер. Әркім өзі біледі ғой. Ниетіңе қарай әрекет еткен дұрыс", - дейді әнші.
Жеке бизнес және алдағы жоспарлар
Асқар Жүнісбеков өнердегі әріптестері секілді кәсіп игеру жөнінде ойда жүргенін айтты.
"Қазір де өнерден бөлек айналысатын кішігірім дүниелерім бар. Пандемия кезінде де көрерменмен байланыс тоқтағанда сол ісіммен жүрдім. Ал алдағы уақытта көлемді жеке кәсіп ашуды ойға алып отырмын. Жоспарымда бар. Бірақ әзірге жоспар деңгейінде ғана тұр", - деді ол.
Айта кетейік, биыл сәуірде әншінің әкесі өмірден өтті. Оның мәңгілік мекенге аттанған әкесі жайлы естелік жазып, желіде жазба жариялағанын айтқан едік.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин