Қай саладағы жұмысшылар арнаулы төлем алатыны белгілі болды

Қай саладағы жұмысшылар арнаулы төлем алатыны белгілі болды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

2024 жылы зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған 37 мың жұмысшыға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, еліміздегі 1400 кәсіпорын жұмысшыларына бұл арнаулы төлемді төлейді.

"2024 жылы 55 жастан шартты түрде зейнетке, яғни арнаулы төлем алу құқығына 37 мың адам ие болады. Олар денсаулыққа зиян орындарда жұмыс істейді. Оның басым бөлігі - тау-кен және өнеркәсіп қызметкерлері", - деді Ақмәди Сарбасов.

Ол атаулы әлеуметтік төлемнің мөлшеріне тоқталды.

"Арнаулы әлеуметтік төлемді алуға жұмысшының құқы бар. Оның орташа мөлшері - 200 мың теңге. Мысалы, жұмысшылардың табысын ескеріп, жеке алайық. Оларда жоғары еңбекақы төлеуді көздейтін еңбек кепілдігі бар. Бұл жағдайда (арнаулы әлеуметтік төлемнің - еск.) мөлшері 300-400 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін", - деді вице-министр.

Ақмәди Сарбасов кәсіпорындарда жұмысшылардың тізімі барын атап өтті.

"Зиян орындарда еңбек ететіндердің тізімі жұмыс берушілерде бар. Жұмыс беруші заң бойынша оларға жалақының үстінен төлем төлеуге, жұмыс уақытын қысқарту мен қосымша еңбек демалысын беруге тиіс. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында жұмысшылардың 83 пайызы зиян жағдайда жұмыс істейді", - деді министрдің орынбасары.

Арнаулы төлемді алатын жұмысшы 55 жасқа толған және 7 жылдық өтілі болуға тиіс.

"Олар жұмыстан кетсе де арнаулы төлем төленеді. Ол мүлдем жұмыс істемесе де болады. Бұл - енді әрбір жұмысшының жеке таңдауы", - деді Ақмәди Сарбасов.

Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындауды көздейтін заң жобасын Мәжіліс депутатары қарап жатыр.

Аяз Есен 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!