- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қай өңірлерде мектеп...
Қай өңірлерде мектеп оқушылары қашықтан оқуға ауыстырылды?
Қазақстанның бірнеше облысы мен қаласында ауа райының суытуына байланысты мектептердегі сабақ тоқтатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
12 желтоқсанда Қарағандыда ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Ақтөбеде бірінші ауысымдағы оқушылар да қашықтан оқуға ауыстырылды. Қалалық білім бөлімі ата-аналардың чатына "Ауа райының қолайсыздығына байланысты 1-9 сынып оқушылары үшін сабақ онлайн режимінде өтетіні туралы" хабарламалар жіберген. Түнде қалада ауа температурасы 30 градус аязға дейін төмендейді.
Синоптиктердің болжамынша, 12 желтоқсанда Қызылорда облысында қатты аяз болады: солтүстікте -29 градусқа дейін, оңтүстікте -10 градусқа дейін, сондай-ақ желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Сол себепті Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы барлық мектептің (мемлекеттік және жеке меншік) 0-11 сынып оқушылары, сондай-ақ Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мектептердің 0-9 сынып оқушылары онлайн оқитын болды.
Қостанайда мектептерде сабақ алтыншы күннен бері тоқтатылды. 33 градус аяз болып тұр, бірақ ол 40 градус сияқты сезіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан