Қай елдерде кэтколлингке қатысты заң қабылданған?

Қай елдерде кэтколлингке қатысты заң қабылданған?
Фото: woman.rambler.r

"Кэтколлинг" дегенұғым жақында жиі қолданыла бастаса да, харассменттің бұл түрі қоғамда бұрыннан бар. Ал бұған қатысты заң ше? Барлық елде бар ма?

Кэтколлинг - көшедегі, кез келген қоғамдық орындағы бопсалау түрі. Оның вербал және вербал емес түрі болады.

Кэтколлинг бір адамның екіншісіне айғайлауы, ысқыруы, көліктен сигнал беруі, адамның белгілі бір дене бөлігі туралы айтуы, денесін ұстауы, аңдуы және тағы басқа әрекеттер жатады. Кэтколлингке қоғамда көбінесе әйелдер тап болып жатады. 

Кей елдерде сәйкесінше кэтколлинг жасау құқықбұзушылық болып есептеледі. Алайда мұндай әрекетке қатысты шара қолданбайтын мемлекеттер де бар. 

Парижде ер адамның ысқырғанына ашуланған француз әйелі Мари Лагерр оның шабуылына тап болған. Бұл оқиға ел тұрғындары арасында үлкен резонанс туғызды. Осы оқиғадан кейін 2018 жылы Франция билігі халық наразылығына жауап ретінде көшедегі сексуал бопсалау, оның ішінде кэтколлингті заңсыз әрекет деп танып, сол жылдың қыркүйегінен бастап қоғамдық орында тәртіп бұзғандарға 750 еуроға дейін айыппұл салынатын болды.

Ал 2022 жылғы 27 шілдеде Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиз Трасс Консервативтік партияның және үкімет басшысы болып сайланса, әйелдердің қоғамдық орындарда өзін қауіпсіз сезінуі үшін кэтколлингке тыйым салатын заң қабылдайтынын баса айтты.

2014 жылдың сәуірінен бастап Бельгияда сексуал бопсалаумен қоса жыныстық қатынасқа шақыру да қылмыс болып есептеледі, заң бұзушыға айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырады.

2015 жылдан бастап Португалияда көшеде әйелдерді қорлау заңсыз болып есептеледі. Ал Жаңа Зеландияда дөрекі сөйлеген, басқаны балағаттаған адам 1 000 долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Ал Орталық Азия елдерінің заңнамасында "харассмент", "кэтколлинг" деген термин қолданылайды. Мұндай әрекеттер көбіне "Ұсақ бұзақылық" немесе қоғамдық тәртіпті бұзу ісі ретінде қарастырылады.

Айта кетейік, Қырғызстанда заң бұзушы қоғамдық жұмысты істейді, бес күнге бас бостандығынан айырылады немесе 15 АЕК айыппұл өтейді.

Ал Тәжікстанда 5-15 тәулікке қамауға алынады немесе 7-10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

Өзбекстанда да 15 тәулікке бас бостандығынан айыру және 3-5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл қарастырылған.

Ресейде де көшедегі бопсалаудың алдын алатын және одан зардап шеккен әйелдерді қорғайтын арнайы заң жоқ.

Қазақстанда бұрын әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекс бойынша зәбір көрсеткен адам 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) айыппұл төлейтін немесе 10 күнге қамауға алынатын.

2017 жылдан бастап жаза түрі өзгеріп, енді тек ескерту беріледі немесе 10 күнге қамауға алынатын болды.

Еске салайық, жақында бұл тақырып туралы тұрмыстық зорлық-зомбылықты құқықтық тұрғыда талдап жүрген қазақстандық феминист Айгерім Құсайынқызы да айтқан болатын. 

"Қазір Тәжікстанда көшеде "Қарындас, танысайық" деп айтқаны үшін 15 күнге бас бостандығынан айырылады. Бұл көшедегі кэтколлинг деп аталады. Тәжікстанда сондай заң қабылданды", - деген феминист Қазақстанда әлі мұндай заңның жоқ екенін мәлімдеген еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Ибраева