Астана LRT желісін елорданың оң жағалауына дейін созу жоспарланып отыр. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астанада LRT ресми түрде осы демалыс күндері, яғни 16-17 мамырда іске қосылады. Елордада өтіп жатқан пресс тур барысында журналистер Асылбек Дүйсебаевтан пойыздар оң жағалауға барып-бармайтынын сұраған. Оның айтуынша, мұндай жоспар бар, бірақ бәрі қаржыландыруға келіп тіреледі.
"Қазір Қосшы бағытын бастадық, әзірге мердігерлер құрылыс жүргізіп жатыр. Ол жақты да (оң жағалауға - еск.) бастаймыз, қазір геологиялық ізденістер жүргізіліп жатыр", - деп жауап берді Асылбек Дүйсебаев.
Оның айтуынша, LRT желісі оң жағалаудағы ескі вокзалға дейін ұзартылады. Қазір оператор қаржыландыру мәселесі бойынша банктермен келіссөз жүргізіп жатыр. Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, банктердің қызығушылығы жоғары, өйткені олар LRT-ның бірінші кезеңі сәтті іске асырылғанын көрген.
"LRT Хан Шатыр арқылы өтеді. Содан кейін Кенесарыға, Жеңіске бұрылып, ескі вокзалға дейін барады", - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, City Transportation Systems (CTS) өкілдері жолаушылар жолақысын қалай төлей алатынын да айтты. Мұнда да түрлі тәсілмен төлем жасауға болады.
Пойызға өту үшін арнайы автоматтан немесе станция кассасынан билет сатып алу қажет. CTS мәліметінше, мұнда кез келген банк картасымен немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларындағы QR код арқылы төлеуге болады.
Мұнда жетондар болмайды, олардың орнын арнайы коды бар кәдімгі қағаз билет алмастырады.
"QR коды бар билетті турникетке жақындату қажет", - деді CTS өкілдері.
Бұдан бөлек, көлік картасын сатып алып, оны толтырып, бірнеше рет пайдалануға болады. Ал жолақысы 200 теңге болады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада LRT қашан іске қосылатыны белгілі болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!