Көптеген қазақстандықтардың үйлерінде жылыту және тамақ дайындау үшін газ бұрыннан қолданылып келген. Бірақ үйлеріне көгілдір отынды енді ғана қосқалы отырғандар да бар. Бұл мақалада сенімді компанияны қалай таңдауға болады және газ жабдықтарын пайдалану кезінде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі туралы айтамыз.
Сарапшылар алдымен нарықты және бағаларды зерттеуге, оларды салыстыруға, әлеуметтік желілер, электронды анықтамалықтар немесе құрылыс-монтаж компанияларының ресми сайттары сияқты қолжетімді ресурстардағы пікірлерді оқуға кеңес береді. Газдандырумен айналысатын "Тараз АгроПромСервис" ЖШС директоры Анвар Токишевтің айтуынша, мердігер таңдаудағы келесі қадам - таңдалған компанияның лицензиялары мен аттестатын тексеру.
Сонымен, жеке үйлерді газдандырумен айналысатын компанияларда қандай лицензиялар болуы керек?
Жеке үйлерді газдандырумен айналысатын компанияның жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына және тиісті топтағы төмен қысымды газ құбырларын салуға екінші немесе одан жоғары санатты лицензиясы болуы керек.
Лицензияны қандай мекеме береді?
Қызметтің бұл түріне лицензияларды, мысалы, "Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі сияқты мемлекеттік орган береді.
Компанияның лицензиясы бар-жоғын қандай сайттардан тексеруге болады?
Сіз компанияның лицензиясы бар-жоғын elicense.kz сайтының "Сервистер" блогында, "РҚ іздеу" бөлімінде (рұқсат беру құжаттары) компанияның БСН бойынша тексере аласыз. Ақпарат ашық, қолжетімді, оны тіркеусіз және электрондық цифрлық қолтаңбасыз (ЭЦҚ) алуға болады.
Компанияның лицензиясының болмауынан келер қандай қауіп бар - салынған газ құбырын "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ теңгеріміне қабылдай ма?
ҚР 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңы бойынша, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында лицензияланатын қызмет түрлерін лицензиясыз жүргізуге тыйым салынады. Сондықтан лицензиясы жоқ компанияның үйді газдандыруы заңсыз болып табылады. Осындай жағдайда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның мұндай газ құбырын теңгерімге алуға құқығы жоқ, нәтижесінде мұндай үйге газ жіберу мүмкін емес. Сондықтан жұмыстарды жүргізу туралы шарт жасаспас бұрын компанияның лицензиясы бар-жоғын тексеру өте маңызды.
Үйге газ тарату құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін компанияның қандай аттестаттары болуы керек?
Мысалы, Алматыда газ құбырларын салу кезінде компанияның штатында сейсмикалық қауіпті аймақта құрылыс-монтаждау және жобалау жұмыстары бойынша аттестатталған инженері, сондай-ақ аттестациядан өткен газбен және электрмен дәнекерлеушілері мен басқа да инженерлік-техникалық жұмыскерлері болуы міндетті.
Үйді газдандыру кезінде газ жабдықтары орнатылған бөлмелерге қандай талаптар қойылады?
Үйді газдандыру кезінде белгілі бір құрылыс нормаларын сақтау қажет (ҚР СН 4.02-12-2002 "Газ тәрізді және сұйық отынмен шағын көлемді жылыту қазандықтарын технологиялық жобалау нормалары. Өртке қарсы талаптар", ҚР СЕ 4.03-101-2013 "Газ тарату жүйелері"):
Газ тарату жүйелеріне қатысты да талаптар бар (ҚР ҚН 4.03-01-2011 "Газ тарату жүйелері"):
Газ жабдығын пайдалану кезінде үй иесі қандай қауіпсіздік шараларын білуі керек?
Қатаң тыйым салынған және қауіпті, ал кейбір жағдайларда заңмен қудаланады:
1. Үйлерді (пәтерлерді, бақша үйлерін) өз бетінше газдандыру, газ аспаптарын, баллондарды және бекіту арматурасын (крандар мен вентильдер) қайта орнату, ауыстыру және жөндеу.
2. Тиісті ұйымдардың келісімінсіз газ аспаптары орнатылған үй-жайларды қайта жоспарлауды жүргізу.
3. Газ аспаптарының конструкциясын, түтін шығу және желдету жүйелерінің құрылымын өзгерту, желдету арналарын желімдеу, түтін мұржаларын тазалауға арналған "қалталар" мен люктерді желімдеу немесе жауып тастау, газ құбырларын және ажыратқыш құрылғыларды - крандарды, вентильдерді жауып тастау.
4. Газ аспаптарындағы қауіпсіздік және реттеу автоматикасын өшіру. Газ аспаптары, автоматика, арматура және газ баллондары ақаулы болған кезде, әсіресе, газ шығып тұрған кезде газды пайдалану.
5. Газдандырылған пештер мен түтін мұржалардың қалауы мен сылағының (жарықтар пайда болған кезде) тығыздығы бұзылған кезде газды пайдалану. Мұржалар мен су жылытқыштардың түтін шығаратын құбырларға қосымша шиберлерді өз еркімен орнату.
6. Газды кезекті тексеру өткізбей және түтін және желдету арналарын тазаламай пайдалану.
7. Газ аспаптарын желдеткіштер (фрамугалар), жалюзи торлары, желдеткіш каналдар жабық кезінде, түтін мұржалары мен желдету каналдарында тарту болмағанда, ванна бөлмелері есіктерінің астындағы жарықтар болғанда пайдалану.
8. Жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын (үздіксіз жұмыс істеуге есептелген және ол үшін тиісті қауіпсіздік автоматикасы бар аспаптардан басқа) қараусыз қалдыру.
9. Мектеп жасына дейінгі балаларды, өз іс-әрекеттерін бақыламайтын және осы аспаптарды пайдалану ережесін білмейтін адамдарға газ аспаптарын пайдалануға рұқсат ету.
10. Газ және газ құрылғыларын мақсатсыз пайдалану. Газ плиталарын үй-жайларды жылыту үшін пайдалану.
11. Газ аспаптары орнатылған үй-жайларды ұйықтауға және демалуға пайдалану.
12. Газдың шығып тұрғанын отпен анықтау (бұл үшін сабын эмульсиясы немесе арнайы құрылғылар қолданылады).
Газдандыру жобасы Halyk-тің 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясының аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы 230-ға жуық аз қамтылған отбасылардың үйлерін газға қосуды толық қаржыландыру жоспарлануда.
Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толық газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Газдандыру туралы Halyk ақпараттық жобасы аясындағы барлық мақалаларды мына сілтемеден көруге болады.
Серіктестік материал