- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қауіпті: газ!" немесе...
"Қауіпті: газ!" немесе үйді газға қосқан кезде компанияны қалай таңдауға болады
Көптеген қазақстандықтардың үйлерінде жылыту және тамақ дайындау үшін газ бұрыннан қолданылып келген. Бірақ үйлеріне көгілдір отынды енді ғана қосқалы отырғандар да бар. Бұл мақалада сенімді компанияны қалай таңдауға болады және газ жабдықтарын пайдалану кезінде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керектігі туралы айтамыз.
Сарапшылар алдымен нарықты және бағаларды зерттеуге, оларды салыстыруға, әлеуметтік желілер, электронды анықтамалықтар немесе құрылыс-монтаж компанияларының ресми сайттары сияқты қолжетімді ресурстардағы пікірлерді оқуға кеңес береді. Газдандырумен айналысатын "Тараз АгроПромСервис" ЖШС директоры Анвар Токишевтің айтуынша, мердігер таңдаудағы келесі қадам - таңдалған компанияның лицензиялары мен аттестатын тексеру.
Сонымен, жеке үйлерді газдандырумен айналысатын компанияларда қандай лицензиялар болуы керек?
Жеке үйлерді газдандырумен айналысатын компанияның жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына және тиісті топтағы төмен қысымды газ құбырларын салуға екінші немесе одан жоғары санатты лицензиясы болуы керек.
Лицензияны қандай мекеме береді?
Қызметтің бұл түріне лицензияларды, мысалы, "Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі сияқты мемлекеттік орган береді.
Компанияның лицензиясы бар-жоғын қандай сайттардан тексеруге болады?
Сіз компанияның лицензиясы бар-жоғын elicense.kz сайтының "Сервистер" блогында, "РҚ іздеу" бөлімінде (рұқсат беру құжаттары) компанияның БСН бойынша тексере аласыз. Ақпарат ашық, қолжетімді, оны тіркеусіз және электрондық цифрлық қолтаңбасыз (ЭЦҚ) алуға болады.
Компанияның лицензиясының болмауынан келер қандай қауіп бар - салынған газ құбырын "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ теңгеріміне қабылдай ма?
ҚР 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңы бойынша, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында лицензияланатын қызмет түрлерін лицензиясыз жүргізуге тыйым салынады. Сондықтан лицензиясы жоқ компанияның үйді газдандыруы заңсыз болып табылады. Осындай жағдайда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның мұндай газ құбырын теңгерімге алуға құқығы жоқ, нәтижесінде мұндай үйге газ жіберу мүмкін емес. Сондықтан жұмыстарды жүргізу туралы шарт жасаспас бұрын компанияның лицензиясы бар-жоғын тексеру өте маңызды.
Үйге газ тарату құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін компанияның қандай аттестаттары болуы керек?
Мысалы, Алматыда газ құбырларын салу кезінде компанияның штатында сейсмикалық қауіпті аймақта құрылыс-монтаждау және жобалау жұмыстары бойынша аттестатталған инженері, сондай-ақ аттестациядан өткен газбен және электрмен дәнекерлеушілері мен басқа да инженерлік-техникалық жұмыскерлері болуы міндетті.
Фото Freepik.
Үйді газдандыру кезінде газ жабдықтары орнатылған бөлмелерге қандай талаптар қойылады?
Үйді газдандыру кезінде белгілі бір құрылыс нормаларын сақтау қажет (ҚР СН 4.02-12-2002 "Газ тәрізді және сұйық отынмен шағын көлемді жылыту қазандықтарын технологиялық жобалау нормалары. Өртке қарсы талаптар", ҚР СЕ 4.03-101-2013 "Газ тарату жүйелері"):
- шағын көлемді жылыту қазандықтары орналасқан үй-жайларда табиғи жарық болуы тиіс;
- шағын көлемді жылыту қазандықтары орнатылатын үй-жайлардың биіктігі кемінде 2,2 метр болуы тиіс;
- газ тәріздес отынмен шағын көлемді жылыту қазандықтары орнатылатын үй-жайдың көлемі кемінде 7,5 м3 болуы тиіс;
- қазандықтар орнатылатын үй-жайларда желдету арнасы болуы тиіс. Ауа ағыны үшін есіктің немесе қабырғаның іргелес бөлмеге шығатын төменгі бөлігінде есік пен еден арасындағы кемінде 0,02 шаршы метр тор немесе саңылаудың болуы көзделеді;
- төрт оттықты газ плитасы орнатылатын бөлменің көлемі кемінде 15 м3 болуы тиіс. Егер газ плитасы 3-оттықты болса, онда кемінде 12 м3. 2-оттықты газ плитасы үшін бөлменің көлемі кемінде 0,8 м3 болуы керек.
Газ тарату жүйелеріне қатысты да талаптар бар (ҚР ҚН 4.03-01-2011 "Газ тарату жүйелері"):
- қуаты 60 кВт газ пайдаланатын жабдық (оның ішінде газ плиталары) орнатылатын орталықтандырылған газбен жабдықтау тұрғын ғимараттарының үй-жайлары газдануды бақылау жүйелерімен - газдану деңгейін көрсететін құралмен және пайдаланылатын газ бен көміртегі тотығы (көміртегі оксиді) концентрациясының рұқсат етілген деңгейінен асқан кезде газ беруді автоматты түрде ажырататын электромагниттік клапанмен жарақтандырылады.
Газ жабдығын пайдалану кезінде үй иесі қандай қауіпсіздік шараларын білуі керек?
- газ құрылғыларының дұрыс жұмыс істеуін қадағалау маңызды, мамандандырылған ұйым арқылы газдың жану өнімдерін мұржаға және желдетуге шығаруды тексеріңіз;
- газ пешін қолданар алдында шибердің (сорғышты реттейтін тосқауыл) толық ашылғанын тексеріңіз және мұржаның "қалтасын" (мұржадағы күйе жинайтын тесік) мезгіл-мезгіл тазалаңыз;
- газды пайдаланып болған соң газ аспаптарындағы барлық крандарды жабыңыз;
- егер сіздің үйіңізде газ жабдығының кез келген ақауы анықталса, дереу газ қызметінің қызметкерлерін шақырыңыз;
- газ беруді кенеттен тоқтатқан кезде газ аспаптарының алдындағы крандарды бірден жауып, 104 телефоны бойынша газдың апаттық қызметіне хабарлаңыз;
- бөлмеде газдың иісі шыққан кезде, газ құрылғыларын пайдалануды дереу тоқтатыңыз, құрылғылардың барлық крандарын жабыңыз, желдеткіштер мен терезелерді ашыңыз, бөлмеден шығыңыз. Мұндай жағдайларда 104 газдың апаттық қызметін газданбаған үй-жайдан шақыру қажет. Бұл жағдайда от жағуға, темекі шегуге, электр жарығы мен электр құрылғыларын қосуға немесе өшіруге болмайды, электр қоңырауын пайдаланбаңыз, өйткені электр құрылғыларын қосқан кезде ұшқын пайда болуы мүмкін;
- газ қызметінің қызметкерлеріне газ құбырлары мен газ жабдықтарын тәуліктің кез келген уақытында, әрине, олардың қызметтік куәліктерін көрсетуі бойынша, қарап-тексеруге және жөндеуге рұқсат беру қажет;
- егер сіз пәтерден немесе үйден 1 айдан астам уақытқа шықсаңыз, газ шаруашылығы кәсіпорнын міндетті түрде хабардар етіңіз, жеке үйге кіре берістегі және газ пайдаланатын жабдықтың алдындағы газдың барлық крандарын жабыңыз;
- үйіңіздің тұрғын үй-коммуналдық қызметі арқылы газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету, мұржалар мен желдету арналарын тексеру үшін білікті қызмет көрсететін ұйыммен уақтылы келісімшарт жасасуды қадағалаңыз.
Фото Pixabay.
Қатаң тыйым салынған және қауіпті, ал кейбір жағдайларда заңмен қудаланады:
1. Үйлерді (пәтерлерді, бақша үйлерін) өз бетінше газдандыру, газ аспаптарын, баллондарды және бекіту арматурасын (крандар мен вентильдер) қайта орнату, ауыстыру және жөндеу.
2. Тиісті ұйымдардың келісімінсіз газ аспаптары орнатылған үй-жайларды қайта жоспарлауды жүргізу.
3. Газ аспаптарының конструкциясын, түтін шығу және желдету жүйелерінің құрылымын өзгерту, желдету арналарын желімдеу, түтін мұржаларын тазалауға арналған "қалталар" мен люктерді желімдеу немесе жауып тастау, газ құбырларын және ажыратқыш құрылғыларды - крандарды, вентильдерді жауып тастау.
4. Газ аспаптарындағы қауіпсіздік және реттеу автоматикасын өшіру. Газ аспаптары, автоматика, арматура және газ баллондары ақаулы болған кезде, әсіресе, газ шығып тұрған кезде газды пайдалану.
5. Газдандырылған пештер мен түтін мұржалардың қалауы мен сылағының (жарықтар пайда болған кезде) тығыздығы бұзылған кезде газды пайдалану. Мұржалар мен су жылытқыштардың түтін шығаратын құбырларға қосымша шиберлерді өз еркімен орнату.
6. Газды кезекті тексеру өткізбей және түтін және желдету арналарын тазаламай пайдалану.
7. Газ аспаптарын желдеткіштер (фрамугалар), жалюзи торлары, желдеткіш каналдар жабық кезінде, түтін мұржалары мен желдету каналдарында тарту болмағанда, ванна бөлмелері есіктерінің астындағы жарықтар болғанда пайдалану.
8. Жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын (үздіксіз жұмыс істеуге есептелген және ол үшін тиісті қауіпсіздік автоматикасы бар аспаптардан басқа) қараусыз қалдыру.
9. Мектеп жасына дейінгі балаларды, өз іс-әрекеттерін бақыламайтын және осы аспаптарды пайдалану ережесін білмейтін адамдарға газ аспаптарын пайдалануға рұқсат ету.
10. Газ және газ құрылғыларын мақсатсыз пайдалану. Газ плиталарын үй-жайларды жылыту үшін пайдалану.
11. Газ аспаптары орнатылған үй-жайларды ұйықтауға және демалуға пайдалану.
12. Газдың шығып тұрғанын отпен анықтау (бұл үшін сабын эмульсиясы немесе арнайы құрылғылар қолданылады).
Газдандыру жобасы Halyk-тің 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясының аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы 230-ға жуық аз қамтылған отбасылардың үйлерін газға қосуды толық қаржыландыру жоспарлануда.
Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толық газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Газдандыру туралы Halyk ақпараттық жобасы аясындағы барлық мақалаларды мына сілтемеден көруге болады.
Серіктестік материал
Dinara