Қауіпті болжам айтылды: алда оңтүстік өңірлерде су тапшы болуы мүмкін

Қауіпті болжам айтылды: алда оңтүстік өңірлерде су тапшы болуы мүмкін
Фото: depositphotos.com

Оңтүстікте су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетеді деп болжанып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Болжам қандай?

Алдағы вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерде суармалы су тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірлерде су аз цикл сақталады. Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеген, ал Нарын-Сырдария каскадының ірі резервуарларындағы қор былтырғы көрсеткіштен 3,8 млрд текше метрге төмен. Сондықтан Үкімет су ресурстарын қатаң реттеуге көшкелі отыр.

Қауіпті болдырмау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су министрлігі жақын арада суды пайдаланудың нақты шегін анықтайды. Фермерлерге егістіктердің құрылымын өзгерту ұсынылды, көп күтімді қажет етпейтін дақылдарға ден қою қажет. 

"Бір тамшы су бермейміз". Премьер-министрдің тапсырмасы

Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін мәлімдеді.

Үкіметтің баспасөз қызметі

"Су ресурстары министрлігі бекітілген шектен тыс су берудің алдын алсын. Бұл - өзекті мәселе, мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуге тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта 100 гектар болуы керек десек, ертең 1 гектардан артық егілсе, оған бір тамшы су бермейміз. Ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандар шығынға ұшыраса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Мұны халыққа ашық жеткізу керек", - деді Олжас Бектенов.

Бұл мәселе премьер-министрдің тікелей бақылауында.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget