- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қауіпті! Балаға жаңа...
Қауіпті! Балаға жаңа жылға қандай сыйлық беруге болмайды?
Балаға жаңа жылға ең қауіпті сыйлық – кішкентай магнит шарлардан тұратын конструктор. Егер бала оны жұтып қойса, оның денсаулығы мен өміріне қауіп төнуі мүмкін. Бұл жайлы педиатр Ольга Татаркина "Известия"-ға айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бір қарағанда магнит шарлардан тұратын конструктор баланың дамуына пайдалы ойыншық секілді көрінеді. Алайда кез келген жастағы бала жеуге болмайтын нәрселердің де дәмін көргісі келеді. Мұндай бір магнит шарын жұтып қоюдың салдарын оңай шешуге болады. Ал егер екі немесе одан да көп магнит шарын жұтып қойса, оның бала өмірі үшін қаупі артады және оны бала ағзасынан алу қиындай түседі", - деп ескертті дәрігер.
Оның айтуынша, магнит шарларының бір-біріне тартылыс күші қатты. Олар асқазанға, содан соң ішекке түскен кезде және олардан түрлі жылдамдықпен өтсе де, магниттер бір-біріне тартылады, нәтижесінде, ішек пен асқазан қабырғалары зақымдалып, тіпті, оларды тесіп жіберуі мүмкін.
"Сондықтан кез келген жастағы балаға оның қауіпсіздігі үшін мұндай дамытушы ойыншық сатып алып бермеген жөн", - деп кеңес берді Ольга Татаркина.
Қауіпті сыйлықтар қатарына зырылдауығы бар ойыншықтар (ұшатын пері, тікұшақтар және т.б) жатады. Дәрігердің айтуынша, кішкентай бала қолын немесе бетін ыңғайсыз қойып, одан зақым алуы мүмкін.
Сондай-ақ ойыншық қарулар да бала денсаулығына қауіпті болуы мүмкін.
"Балаға сыйлық алу – бір жағынан оңай, бір жағынан қиын тапсырма. Себебі ойыншықтың дамытушы қасиеттерін ғана емес, оның қауіпсіздігін де ескеру керек. Десе де, ойыншық таңдау кезінде бала қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек", - деді маман.
Оқи отырыңыз: Жаңажылдық дастарханға қазірден бастап алып қоюға болатын азық-түліктер
А. Жапатова