Қауіпті ауа райы! ТЖД алматылықтарға ескерту жасады

Алматының Төтенше жағдайлар департаменті 8 сәуірде күн бұзылатынын мәлімдеді. Қалада дауыл туралы ескерту жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, ауа райы түнде нашарлайды. Екпіні секундына 18 метрге дейін жететін қатты жел соғып, найзағай ойнайды.

"Қала тұрғындарына, қонақтары мен туристеріне қауіпсіздік шараларын сақтауға, тауға шықпауға кеңес береміз. Электр желілері бүтін екеніне назар аударыңыз, көліктерді ағаштың астына қоймаңыз және әлсіз құрылымдардың астына тұрмаңыз", - деп кеңес берді ТЖД өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда түн ішінде дүлей дауыл соққаны хабарланды.

Жел үйлердің қаптамаларын және шатырларын жұлып әкетті. Жаңбыр жауды. Қала тұрғындары желіде сурет, видеоларын жариялады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!