• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

Қауіпті: Алматы облысының тұрғындары газ жүйесіне баллон қосып алған

Қауіпті: Алматы облысының тұрғындары газ жүйесіне баллон қосып алған
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Massaget.kz тілшісі қыс ортасында газсыз, жылусыз отырған Алматы облысы тұрғындарының жанайқайын тыңдап қайтты. "Жылда жауыр болған жылу мәселесі қашан шешіледі?" деп ашынған халық үйлерін қауіпті жағдайда, баллонмен жылытуға мәжбүр.

Газ тарифін реттеу неге мүмкін емес? "Massaget Masele" жобасы ауылға барып, жағдайды көзімен көріп, көгілдір отынның машақатын тартқан мұқым елдің бар шындығын тыңдады. 

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Қаратөбе ауылының тұрғыны Дидара Саятқызы газ тартылмағандықтан, өзі қолдан пеш жасап алғанын айтты. Жергілікті билік газ жүргіземіз деген уәде берген соң, ол көмір пешін бұзып, газ қазандығын орнатқан екен. 

"Жазда келіп, "үйлердің арасы алшақ, сол себепті газ кіргізе алмаймыз" деді. Кейін "газ кіргіземіз" деді, біз пештің бәрін алып тастадық та, өзіміз қолдан жасадық. Үйде балалар бар. Ал бұл өте қауіпті. Енді қыстың ортасында не істейміз? Газ жоқ, сөйтіп қолдан баллон жасап қойдық", - дейді ашынған тұрғын.

Мыңнан аса халқы бар елді мекенде жылусыз отырған жалғыз бұл азамат емес. Көпбалалы ана Ақбота Қасенова келін болып түскелі отын жарып, көмір жағып келеді.

"Көрген күніміз - осы. Күнде үш уақыт от жағамыз, себебі аяз, дала 40 градус суық. Мына Алматының қасында тұрып, от жағып отырмыз. Газ жоқ деп бала-шағаны суықта қалдырып қоймаймыз ғой. Былтыр да солай айтып кеткен, былтыр да журналистер шақырғанбыз. Сол уәдені әлі орындаған жоқ. Ол сөз сол күйі қалды", - деп налиды көпбалалы ана.

Дамыған елміз дейміз, бірақ...

Бұл ауылдағы жалғыз мәселе емес. Газға қоса жарық та жоқ болып шықты. 

Қаратөбе ауылы - Massaget.kz

"Дамыған елміз дейміз, бірақ дамыған ештеңе көріп тұрған жоқпын. Алматының шетінде тұрсақ та, артта тұр. Көшелері жоқ, жарығы жоқ...", - деді Қаратөбе ауылының тағы бір тұрғыны Асхат Мықтыбеков.

Ауылдағы жалғыз мектеп те газсыз отыр

Ауылдағы 320 балаға арналған жалғыз мектеп те газсыз отыр. Ата-аналардың айтуынша, қатты аязда оқушылар сырт киіммен отырады. Ал мектеп басшысы білім ордасы жылы екенін айтып ақталды. 

"Мектеп "соляркамен" жылиды. Қазір мұнда 321 оқушы оқиды. Кеше келіп, "солярканы" өлшеп құйды", - деді мектеп директоры Дария Байділдаева. 

Мәселе тек Қаратөбеде емес...

Қақаған аязда жылусыз отырған жалғыз Қаратөбе ауылы емес екен. Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылындағы 3 мың тұрғын да газсыз отыр. Ауылдағы газ құбырына жеңіл көлік соғылып, тұтас құбырды талқандап кеткен. Қақаған аязда жылусыз отырған елдің мұңы толығырақ арнамызда...

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ә. Шынтемір