Қауіпсіздік, медицина, инфрақұрылым: Шымкентте жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр

Шымкентте әлеуметтік-экономикалық даму және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Қаланы дамытудағы жаңа бастамалар

Әкімнің бастамасымен "Шымкентті дамытуға халықтың үлесі" жобасы іске қосылды. Қоғамдық орындар мен автобустарға орнатылған QR-кодтар арқылы тұрғындар қалаға қатысты ұсыныстарын жолдай алады. Барлық ұсыныс қаралып, өзекті бастамалар жүзеге асырылады.

Абай ауданы әкімдігі "Әкеге хат" жобасын ұйымдастырды. 8–11 сыныптағы 108 оқушы қатысып, әкелеріне хат жазды. Жобаның жеңімпаздары марапатталды. Болашақта "Анаға хат" жобасы іске асырылмақ.

Жол қозғалысы және инфрақұрылым

Көлік кептелісінің алдын алу үшін бірнеше қиылыста бағдаршам жұмысы жаңартылды. А-2 тасжолы мен кейбір көшелер жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады. Қазыбек би, Адырбеков, Желтоқсан және Қабанбай батыр көшелерінде катафоттар орнатылды.

Магистралды қиылыстарға жаңа бағыттау белгілері орнатылып, туристер үшін навигация жеңілдетілді.

Қоғамдық демалыс орындары

Қалада ашық аспан астында екі мұз айдыны салынады:

  • "Спорт сарайы" маңында – 550 м² (айына 20–30 мың адам),
  • Арбат аллеясында – 1830 м² (айына 50–60 мың адам).

"Көл" демалыс аймағында музыкалы-лазерлі субұрқақ іске қосылды. Шоу 18:00–22:20 аралығында әр сағат сайын 20 минуттан жүргізіледі.

Әлеуметтік қолдау

"Тассай шағынауданындағы 1 700 үйге табиғи газ қосылды. Жобаның бірінші кезеңі 800 абонентті қамтыды. Жаңа газ құбыры 70 шақырым болады, барлығы 3 345 абонентке қызмет көрсетіледі", - деді әкімнің орынбасары.

Сондай-ақ, қалада 101 ана "Алтын алқа", 200 ана "Күміс алқа" алды. Шымкентте 39 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады.

Медицина саласы

№1 қалалық клиникалық ауруханада 241-ші туыстық бүйрек трансплантациясы жасалды. Сонымен қатар, 3 жүрек трансплантациясы орындалған. Онкологиялық орталықта алғаш рет кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру операциясы да жасалды.

2025 жылдың 10 айында 1 089 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді.

Қауіпсіздік және қылмыстық жағдай

Әкімдік мәліметінше, өткен аптада 184 қылмыс тіркелді. Оның ішінде:

  • алаяқтық – 57,
  • ұрлық – 43,
  • есірткі қылмыстары – 10,
  • жол-көлік оқиғалары – 9.

Сәрсен Құранбек интернет-алаяқтық көбейгенін айтты. Оның ішінде: тұрғындардан ақша алу, инвестицияға қаражат аудару және жалған қоңыраулар.

Ал ЖКО-ның негізгі себептері – жылдамдықты асыру, телефонға алаңдау, рұқсатсыз жерден өту, кәмелетке толмағандардың самокат/скутер жүргізуі, мас жүргізу.

Сондай-ақ, көпқабатты үйлерде велосипед пен арба ұрлау деректері де жиілеген.

Тұрғындарға банк картасын бөтен адамға бермеу, белгісіз адамдардан ақша алмау, жол ережесін сақтау, балалардың қауіпсіздігін бақылау есекртілді.

Сонымен қатар, әкімдік мәліметінше, 2024 жылы қалада жарықтандырылған аялдамалар саны артты: былтыр 600, биыл 75 аялдама орнатылған. Алайда жыл басынан бері 175 аялдаманың жарық шамдары бүлініп, 70-іне қайта шабуыл жасалған. Барлық деректер Полиция департаментіне жіберілді.

Жұмысқа орналастыру және гранттар

"2025 жылы 432 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. III лег бойынша 99 қатысушы мал шаруашылығы, тігін, өндіріс және қызмет көрсету салаларында бизнес бастауға мүмкіндік алды", - деді Сәрсен Құранбек.

Сонымен қатар, 18 қарашада сағат 14:00-де "Көрме орталығында" бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, тұрғындармен танысады.

 Шымкент ІСБ ұсынған материал