- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қауіпсіздік Кеңесі отырысы:...
Қауіпсіздік Кеңесі отырысы: Тоқаев Үкімет әзірлеген шұғыл іс-қимыл жоспарын мақұлдады
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Ресей Федерациясындағы жағдайға байланысты берген тапсырмаларын орындау шаралары туралы Премьер-министрдің, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Қорғаныс, Ішкі істер және Сыртқы істер министрлерінің баяндамаларын тыңдады.
Бұл оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екеніне қарамастан, аталған жағдайға еліміздің азаматтары алаңдаушылық танытты. Қазақстан мен Ресей арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Президент Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында Ресей билігінің конституциялық тәртіпті орнату және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларын қолдағанын еске салды. Мемлекет басшысы әскери іс-қимылдарды тоқтату жөніндегі келісімді құптады.
Президент кез келген мемлекеттің ішкі саясатында, соның ішінде Қазақстанда да, қоғамдық тәртіп пен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі қағидаты басты басымдық болуға тиіс екенін айтты.
Жиында еліміздің қаржы-экономикалық тұрақтылығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екені атап өтілді. Президент барлық ведомство басшыларына дағдарыс жағдайындағы ықтимал қатерлерге қарсы әрекет етуге дайын болуды тапсырды. Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет әзірлеген шұғыл іс-қимыл жоспарын мақұлдады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан