Қауіпсіз каникул: балаларыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Елімізде мектеп қоңырауы соғылды. Көптен күткен жаз мезгілі келіп қалды. Жазғы каникулда балалардың бос уақыты көбейіп, уайымдары азаяды. Fingramota.kz түрлі алаяқтық схемалардан аулақ болу үшін ата-аналарға каникул кезінде балаларға ерекше назар аударуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1-кеңес

Қазіргі заманғы балаларға қатысты қаржылық алаяқтықтың көпшілігі әдетте мобильдік және компьютер ойындарын сатып алу кезінде орын алады.

Барлық онлайн-сатып алуларды жалақыға байланысты емес жеке төлем картасының (виртуалды карта) көмегімен және тек тексерілген сайттарда жасаған дұрыс, сондай-ақ ресми дүкендерден қосымшаларды жүктеу қажет.

2-кеңес

Геодеректер мен өзге де дербес мәліметтерді жинақтап, сол арқылы сіздің әрекеттеріңізді қадағалап отыратын Смарт-қосымшалар бар. Балалар қаннен-қаперсіз осындай қосымшаларды өздерінің немесе ата-анасының телефонына жүктеп алуы мүмкін.

Өз гаджетіңізге және балаңыздың гаджетіне вирусқа қарсы бағдарламалар орнатып, оларды үнемі жаңартып отырыңыз. Қосымшалар мен бағдарламаларды орнатпас бұрын оларда вирус бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Суреттерде, қосымшаларда және әлеуметтік желілерде посттар жариялау кезінде орналасқан жеріңіз туралы мәліметтерді ажыратып тастаңыз.

3-кеңес

Интернет жылдам табыс табу немесе әлеуметтік желілердегі ұтыс ойындары туралы хабарландыруларға толы. Алаяқтар қарапайым операцияларды жасауды ұсынады: қосымшаларды жүктеу, белгілі бір сайттарға кіру, пікірлер қалдыру, репост жасау, бейнероликті қарап шығу, достарды шақыру және т.б. Мұндай әрекеттер үшін "жұмыс берушілер" баланың жеке кабинетінде ашылған электрондық әмиянға ақша саламыз деп қызықтырады. Алайда, тапқан ақшаны алу/шешу үшін шотта белгілі бір сома болуы керек немесе осыған ұқсас бірқатар тапсырмаларды орындау керек. Бұл сомаға қол жеткізіліп, барлық тапсырмалар орындалғаннан кейін, шот әдетте оқшауланады және қаражатты "алу" мүмкін болмайды. Нәтижесінде, бала бекерге уақыт жоғалтады, сонымен қатар маңызды жеке деректерді, мүмкін өзінің немесе ата-анасының банк картасының деректемелерін жария етеді.

Ата-аналар балаларына қосымша табыс табудың заңды жолдары туралы айтуы және оларды табуға көмектесуі керек. Мысалы, итті серуендету, үй жануарларын күту (бар болса), егер бала шет тілін, математиканы немесе басқа пәндерді жақсы білсе, репетиторлықпен айналысу, әлеуметтік желілерде "handmade" немесе аспаздық шедеврлерді сату және тағы басқа болуы мүмкін.

Онлайн-алаяқтардың алдауына балалар ғана емес, сенгіш ересектер де түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан өз қаржылық сауаттылығыңызды үнемі арттырыңыз және оған балаларыңызды да баулыңыз! Сондай-ақ, балаңызбен жиі сөйлесіңіз және сіз болмаған кезде туындауы мүмкін түрлі жағдайларды бірге қарастырыңыз.

Есте сақталуы тиіс интернеттегі қарапайым қауіпсіздік ережелері:

  • Балаңызбен интернетте аз уақыт өткізуге тырысыңыз, серуендеңіз, отбасыңызды біріктіретін бірлескен іс-шараларды табыңыз;
  • Балаға парольді, карта деректерін және басқа құпия ақпаратты ата-анасынан басқа ешкімге неге беруге болмайтынын түсіндіріңіз;
  • Антивирусты компьютерде де, телефондарда да пайдаланыңыз;
  • Электрондық пошта мен мессенджерлерге жіберілген белгісіз кірістірілген файлдарды ашпаңыз;
  • Контентті тексеріп, тазалап отырыңыз. Ол үшін тегін рекурсивті DNS-сервистерді пайдаланыңыз (мысалы: openDNS, quad9, yandex, т.б.).

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!