- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қауіп төніп тұрған...
"Қауіп төніп тұрған жоқ". СІМ Лаостағы қазақстандықпен байланысқа шықты
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілі Лаоста еңбек құлдығында екенін мәлімдеген Анель Бермағамбетованың үндеуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
СІМ мәліметінше, отандасымыз консулмен байланысқа шығып, өзінің жағдайы туралы айтып берген. Қазақстанның Ханойдағы елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне оны құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдаған. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың СІМ және ІІМ өкілдерімен келіссөз өтетіні белгілі болды.
"Айта кетейік, біздің отандасымызға қауіп төніп тұрған жоқ, ол дипломаттармен және туыстарымен үнемі байланыста. Оның айтуынша, құжаттары мен телефонына тиіспеген, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ, күш қолданбаған. Ол Таиландқа және одан әрі өз еркімен барған. Сондай-ақ, Анельдің айтуынша, жұмыс берушілер оның ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсаған қаражаты өтелсе, жіберуге дайын", - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Бұл мәселе Вьетнамдағы елшіліктің ерекше бақылауына алынған. СІМ және ҚР Вьетнамдағы елшілігі Анельдің үйіне оралуына көмектеседі.
Қазақстан СІМ азаматтардан шет елде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісімшарттарға қол қойылғанға дейін әрі шет елге шыққанға дейін бәрін мұқият зерделеуді, сондай-ақ, күтпеген жағдай туындамау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Лаостағы қазақстандық көмек сұрағаны хабарланған болатын.
Ж. Қадыржанова