Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі су тасқыны жағдайымен танысып, төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет басшысы кез келген сценарийге дайын болу керек екенін мәлімдеді.
"Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе, елді мекендер маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы түрде жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Бір апта ішінде әкімдіктер қауіп деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажет шараларды қабылдауы керек", - деді Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, төтенше жағдайлар министрлері, сондай-ақ, көлік, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері су тасқынына дайындық барысы туралы баяндама жасады.
Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, болжамға сәйкес бұл өңірлерде су басу қаупі сақталып отыр. Үш өңірден бөлек, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау мен Жетісу облыстарында да қауіп бары айтылды. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су тасқыны қаупі төмен.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖМ жедел штабы 1 наурыздан бастап гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын баяндады.
Еліміз бойынша су тасқыны болуы мүмкін 1242 елді мекен анықталған.
"Су тасқыны кезінде төтенше жағдайларды жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы саны 39 мың адамнан асатын республикалық, өңірлік топтар құрылды. Сондай-ақ, 18 мыңнан аса техника мен арнайы құрал дайындалды. Барлық қызмет жоғары жауынгерлік дайындық режиміне келтірілді. Ахуал күрделенген жағдайда қажет шешім дереу қабылданады", - деді министр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!