- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қатты уайымдадым". Нүкенованың...
"Қатты уайымдадым". Нүкенованың ағасы екінші сот отырысы туралы пікір білдірді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді тікелей эфирде маңызды сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айтбек Амангелдінің сөзінше, бұл іске қатысты тергеу сапалы әрі ешқандай заң бұзусыз өткен.
"Көп адам алқа билер сотына қатысты наразы болып жатқанын білемін. Бірақ оған ешкім қарсы шыға алмайды, себебі бұл оның (Бишімбаевтың) конституциялық құқығы", - дейді Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді сот отырысы өткен екі күн стреске толы болғанын айтады.
"Шынымды айтсам, қобалжыдым. Тіпті маған сөз берген кезде де қобалжыдым, бұл сот отырысы ғой, бұған дейін ондай нәрсеге тап болмадым. Бүгін қатты уайымдадым. Судья шешім шығарған кезде езуімді жия алмадым. Себебі бұл ең алдымен әділ шешім болды. Себебі олар тергеу материалдарынан видеоларды, суреттерді, хаттарды алып тастау арқылы істі құрдымға кетірмек болды. Бірінші күні отырыста жай ғана бапты айта салуға болатын еді, оның орнына олар бірнеше сағат бойы әр бапты оқып, артынан екінші айыпталушы орысша жақсы түсінсе де оны қазақ тіліне аударып отырды. Арнайы қазақ тіліне аударып жатқан кезде екінші айыпталушы ұйықтап та кеткен. Бәрі екі сағатта өтіп кетудің орнына екі күнге созылып кетті.
Тіпті не айтарымды да білмеймін. Бұл тек басы ғана, бізге босаңсуға болмайды. Алда әлі басты сот отырысы бар", - дейді Айтбек Амангелді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді.
Былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны белгілі болды. Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.
Еске салайық, кеше алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқаны хабарланды.
Бишімбаев ісі: Астанада алдын-ала сот тыңдауы басталғалы жатыр (сурет-видео)
Айыптау қорытындысы бойынша Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болғаны айтылды. Концертте олардың арасында жанжал басталған. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, ол жерде де жанжал жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтқан, бұл туралы ағасына да хабарлаған.
"Концертте болған Бишімбаев бос сылтауды пайдаланып, Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерт аяқталғанын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жаяу Бао мейрамханасына бағыт алған.
Мейрамханада алкоголь ішу барысында жанжал жалғаса берген. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын және одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Сондай-ақ, Нүкенова ағасына қонуға баратынын жазып, такси шақыруға тырысқан", - деді прокурор.
Сондай-ақ, мәліметтерге сүйенсек, Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина