Алматыда 150-ге жуық отбасы жер сілкінісінің алдын алу мақсатында қой сойып, құран оқытты. Көпқабатты үйдің тұрғындары жер сілкінісінен қатты шошынып қалған. Қорыққандары сонша - кейбірі молдаға оқытылса, енді бірі 5 уақыт намазға жығылыпты. Massaget.kz тілшісі тасаттық берген тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Гулбану Тойғанбаева дәл осы игі бастаманы іске асырушылардың бірі. "Alma City" тұрғын үй кешенінде тұратын ағайынды ауызбіршілікке шақырған. Халықтан жиналған қаржыға құран оқытылып, құдайы тамақ беріліпті. Ақ дастархан басына жас пен жасамыс тегіс жиналған.
"Зілзаланың бір күнде барлығын жоқ қылатынына көзіміз жеткен соң, құдайы тамақ бердік. 150 отбасы тұратын 10 үйден белсенділер бірігіп ұйымдастырдық. 2000 теңгеден жинадық. Көршілердің көбі жұмыста, келмеді. Дегенмен біреулер қой сойдырып әкелді, су әкелетін адам бөлек, ыдыс әкелетін адам бөлек деген секілді әркімнің өз міндеті болды. Үлкен қой алдырып, алдымен үлкендерге, кейін балаларға құдайы тамақ бердік", - дейді қала тұрғыны Гулбану Тойғанбаева.
"Біздің үй жайлы барлығы: "Мемлекеттің атынан беріліп жатқан жалдамалы баспана. Сендерге тегін берілді. Сондықтанда сапасы өте нашар салынған. Жер сілкінсе бірінші осы үйлер құлайды", - деп қорқытады. Сондықтан біз өте қатты қорықтық. Бірақ жер сілкіністерінен кейін қатты жарылу, қабырғалардың сөгілуі болған жоқ", - дейді тұрғындар
Табиғи апаттан сақтанудың тәсілі мұнымен бітпек емес. Санасын үрей билеген ел елең-алаңда молда жағалап кеткен. Бес уақыт намазға жығылғандары да бар екен.
"Жер сілкінісінен кейін шошынып қалғандар көп. Бірінші жер сілкінісінен кейін әлі күнге дейін молдаға оқытылып жатқандар бар. Мұның бәрі қатты қорқыныштан ғой негізі. Біраз адамдар намаз бастап кетті. Кейбірі тіпті жуынатын бөлмеге кіре алмай жүр. Содан кейін "бұлай жүрген болмайды" деп ниет етіп, құран оқыттық. Алғаш жер сілкінгенде үйде болдым. Әлі қорқамын. Қорқынышты жеңу, одан арылу. Қатты қорыққан кезде оқылатын дұғаларды, сүрелерді сұрап білу үшін өзімде молдаға оқытылып жүргендердің бірімін", - қала тұрғыны Шынар Жузеева.
"Адал көршісі бар – алаңсыз ұйықтайды" демекші, бір-біріне қарасқан көршілер жаратқанның сынағына осылай дайындалыпты. Тасаттықтан кейін жаңбыр да жауыпты.
"Біреудің баласы ұйықтап жатады, біреудің күйеуі жұмыста болады. Жер сілкінісі кезінде қатты қорықтық. Көпқабатты үйде тұратын тұрғындарға күнделікті дірілдеп тұрған секілді сезіледі. Құран бағыштағаннан кейін артынан Алланың нұры жауды. Біз қатты қуандық", - дейді тұрғындар.
Өзге де тұрғындар бұл игі бастаманы жалғастырмақ екен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!