"Қатты қиналдым". Жұрт талқысына түскен сұхбаттан кейін ауыл әкімінің өмірі қалай өзгерді

"Қатты қиналдым". Жұрт талқысына түскен сұхбаттан кейін ауыл әкімінің өмірі қалай өзгерді
Фото: Видео кадрлары

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданына қарасты ауылдық округ әкімі Майра Жәкімсалова берген сұхбаттың үзіндісі әлеуметтік желіде әлі қызу талқыланып жатыр. TengriMIX порталы резонанс тудырған видеодан кейін округ әкімінің өмірі қалай өзгергенін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz

Еске салайық, желіде жарияланған видеоның қызық үзіндісінде әкім мен журналист 500 гектар жер тапшылығына қатысты жағдайды талқылаған. Ауылдық округ әкімі Майра Жәкімсалова әңгіме барысында бұл оның алғашқы сұхбаты екенін мойындады. Сұхбатқа дайындық сәтін ескертусіз оның бұрынғы әріптесі - блогер Тимур Жұманов жариялаған.

Майра Жәкімсалованың айтуынша, ол өз қызметінде бір жылдан сәл астам уақыт жұмыс істеп жатыр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде де тәжірибесі бар.

Әкімнің айтуынша, ол Тимур Жұмановқа ренжімейді, ол әлеуметтік желіде осы әрекеті үшін кешірім сұраған - әйел оны кешіріпті.

"Жеке оның өзімен әлі сөйлескен жоқпын. Біраз уақыттан кейін онымен міндетті түрде кездесіп, оның мұндай әрекетке баруына не түрткі болғанын сұраймын. Дегенмен, мен оны айыптауға үзілді-кесілді қарсымын. Мен де кінәлі шығармын. Эмоцияны қатты көрсетіп жауап берудің қажеті жоқ еді, оған басқаша жауап беруім керек еді", - дейді ол.


Майра Жәкімсалова мен Тимур Жұманов. Әкімнің жеке мұрағатынан алынған сурет

Майра Жәкімсалова видео жарияланып, әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырғаннан кейін ұзақ уақыт алаңдағанын айтады.

"Әрине, бұл жағдайдан қатты қиналдым. Ата-анам, 14 жастағы ұлым және менің барлық отбасым мен достарым қатты қиналды. Бұл өте қиын болды. Бірақ өмір жалғасып жатыр. Халықтың игілігі үшін жұмысымызды жалғастырамыз", - дейді ол.

Майра Жәкімсалова аудан тұрғындары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен қолдағандар табылғанын, осы күндері оған халық белсенді түрде телефон соғып, хат жазып жатқанын айтады.

"Әкімдікте мені қосқанда үш әйел бар. 1028 адамға жұмыс істейміз. Резонанс болған соң, арыз жазып, қызметімнен кеткім келді. Бірақ мен аулымды, округімді бәрібір жақсы көремін. Қарт ата-анам осында тұрады. Мемлекеттік қызметтен кеткім келді, бірақ халық қолдады", - деп жалғастырды Жәкімсалова.

Енді әйел алдағы уақытта да округ игілігі үшін белсенді жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

"Мен бұдан да жақсы жұмыс істеуге бел будым. Енді жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындардың санын көбейтуге тырысамыз", - дейді әкім.

Жәкімсалова бұл жағдайда ұлы ерекше қолдау көрсеткенін баса айтады. Ұлы ауылда 8 сыныпты бітіріп, кекусинкай-каратэмен белсенді айналысады. Болашақта дәрігер болуды армандайды.

Е. Төлеш