Жетісу облысы Биғаш ауылында ойнап жүріп, көше бойына шыққан 14 жасар баланы ауылдық округ әкімі қағып кеткен. Бала сол бойда көз жұмған. "Көреміз" бағдарламасы оқиғаға зерттеу жасап, марқұмның әжесімен және ауыл әкімімен сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марқұмның әжесінің айтуынша, көлік қатты жылдамдықпен келген.
"Балам 7 қарашада ойнап жүріп, жолға шығып кеткен. Көлік қатты жылдамдықпен келген.Темірі қақ айырылып қалған. Жедел жәрдем машинасына кіріп, баламды ұстаған кезде басы қан болды. Бүкіл дене мүшесін сүйіп шықтым. Маған тірілетіндей көрінді",- дейді әжесі.
Оқиғаға қатысты желі қолданушылары "Жолға әдейі өзі жүгіріп шыққан болар", "Адам өз өміріне кепіл бола алмайды. Неге оқушы бала түнде көшеде жүреді? Тәртіп бойынша сағат 8-де бала үйде отыру керек", "Балалардың "қаш немесе өл" деген ойыны шығар" деп жазды. Алайда әжесі баласының мұндай ойынмен ойнамайтынын, тәртібі өте жақсы болғанын айтты.
Оқиғаға тікелей қатысы бар ауыл әкімі сол күні не болғанын айтып берді.
"Әкемнің қайтқан күнінде құдайы тамақ бердік. Соған бара жатқанмын. Осы жағдай болды. Жалпы көлік жүргізгеніме 19 жыл болды. Мен келе жатқанда жол шетінде тұрған балаларды көрдім. Олар ойнап жатқан еді. Жүгіріп шығады деп ойламадым. Қас пен көздің арасында болды. Қазір көлік жүргізбек түгілі жолаушы боп отыруға қорқамын. Тергеу барысына дейін экспертиза шыққанша әлі 1 ай бар. Сол үшін әлі күнге дейін осы қызметімдемін", - деді Әлия Бақтиярова.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз