Әдетте көктемде психикалық ауытқуы бар адамдардың ауруы қозады. Кейбірінде 10 жыл бұрын пайда болған ауру асқынып, дәрігер көмегіне зәру болады. Massaget.kz тілшісі алматылықтар арасында "Каблуков" деген атпен танымал психологиялық орталық науқастарымен сұхбаттасты.
Қабырғасы аппақ аурухананың палаталарында есік мүлде жоқ. Бұл - психикалық ауруға душар болған әйелдер жататын бөлім. Алдымыздан көк халатты, ақ шашты әйел шықты. Әрі-бері тоқтаусыз жүрген әженің көзіне қарауға үрейлендік. Ішке беттеген сайын мүңкіген иіс қолқаны алды.
Біз шизофрения ауруына шалдыққан екі адаммен сұхбаттастық. Бірі - 40 жастағы әйел, екіншісі - 25 жастағы қыз.
Айнагүл (есімі өзгертілген - еск.) есімді алматылық әйел мектепте информатика пәнінен сабақ берген. Ата-анасымен бірге тұрады. Ал бұдан 10 жыл бұрын ер адамдардың даусын ести бастаған. Белгісіз дауыс оған үнемі не істеу керегін айтып, бұйырып отырған көрінеді.
"Біреулер маған бірнәрсе айтып, ескертіп жатқан сияқты. Маған "үйді жина, шаңды сорып ал" деп бұйрық береді. Керісінше, мен олардың айтқанын істесем, жамандыққа тап боламын деп қорықтым. Кейін оған назар аудармадым. Бұған дейін де басымда бір дауыс сөйлеген, оны емдеттік. Бәрі жақсы болған. Негізі ата-анаммен бірге тұрамын. Одан бөлек екі әпкем бар. Олар күйеуге шыққан. Ал ата-анам - қарт кісілер. Үйде үшеуміз ғана тұрамыз, сондықтан мен оларға бас-көз боламын. Бұл маған жауапкершілік болып артылыды. Мен шыдамай кеттім. Жүйкем сыр бере бастады. Сөйтіп ауруханадан шықтым. Анам дәрігерлерге хабарласып, маған көмек беруін өтінді. Мұнда 26 сәуірден бастап жатырмын. Екі күн бойы ер адамдардың дауысы басымда тоқтаусыз сөйледі. Әбден қажып біттім", - дейді ол.
Айнагүлдің айтуынша, алғаш рет мұндай дауыстарды 10 жыл бұрын ести бастаған.
"Ол кезде дауыстар тек бұйрық беретін. Мен оған тіпті назар аудармадым, қалыпты жағдай деп ойладым. Ал бұл ауру екен. Кейін мен толық емделдім. Ұзақ уақыт бойы дауыс естілмей кетті. Дәрі ішкеннен кейін бәрі қалпына түсе бастады. Бірақ ауру қозғанда өзіңді ауыр сезінесің. Үстіңнен бірнәрсе басып тұрғандай көрінеді, не істеу керегін айтып бұйырады", - дейді әйел.
Жүйке жүйесі қажыған науқас басында сөйлеген ер адамдардың бірінің түрін көріп үлгергенін айтты.
"Бір дауысқа шамам келеді ғой. Бірақ бірнеше дауыспен қиын болып кетті. 3-4 дауыс сөйледі. Бәрі де ер адамдар. 10 жыл бұрын сөйлеген адамның түрін көрген едім. Мыналардың түрін көре алмадым. Олар менің көргім келетінін біліп қойды. Көрсетпеудің айла-тәсілдерін біледі ғой", - дейді ол.
Кейіпкердің айтуынша, 10 жыл бұрын сөйлеген ер адам өмірінде кездестіріп көрген адамдарға мүлде ұқсамаған.
"Дауыстардың жас айырмашылығы қатты білінбейді. Шамамен 55 жас. Неге тек ер адамдардың даусы естілгені де белгісіз. Әйел адамдікі болса, оны жеңетін қауқарым бар. Ал ауруханада ештеңе естілмейді. Бұған дейін олар 3 күн бойы тоқтаусыз сөйлейтін. Жаман әрекетке итермелеген жоқ. Тек ананы-мынаны жина деп бұйырады, ал менің оларға бағынғым келмейді", - дейді ол.
Кейіпкердің ата-анасы - 60-тан асқан зейнеткерлер. Бір қызығы, олар қызына ешқашан бірнәрсе істеуге бұйырмаған. Әйел бұдан 10 жыл бұрын болған оқиғаны туыстары қалай қабылдағанын айтып берді.
"Олар маған әр нәрсе елестеп жүр деп ойлады. Бірақ олай емес, кәдімгі дауыстар. Олар менің тез жазылуымды ғана тіледі", - деді кейіпкер.
Айнагүл басындағы дауыстармен сөйлеспек болған, алайда одан түк шықпаған.
"Оларға "сендерді естуіме болмайды, мүмкін мені басқа адаммен шатастырып алған шығарсыздар" деп те ескерттім. Дауысты естімеу үшін дәрілерді мөлшерімен қалдырмай ішіп жүргенімді де айттым. Дәріні ішсем де дауыстар кетпеді. Басым айналды, өзімді жайсыз сезіндім", - деді ол.
Кейіпкердің сөзінше, басындағы дауыс пен шын өмірдегі адамның дауыс айырмашылығы бар. Ол бұл аурудан айығу үшін 3 жылдай емделген. Айнагүл дәріден басқа не көмек бергенін айтты.
"Дауыс ести бастағаннан бері өмірімді басқара алмайтындай халге жеттім. Өзінен-өзі ағып бара жатқандай, жағдай шектен шығып бара жатты. Медитация мен йога көмектеспеді. Кітап оқу көмектесетін. Одан басқа, жазу мен сурет бояу да жағымды әсер етеді", - деді ол.
Кейіпкер өте сабырлы. Бос уақытында суға түскенді ұнатады. Дәрігерлердің айтуынша, негізінен бұл ауру тұқым қуалайды. Алайда Айнагүл отбасында шизофрениямен ауратындар бар-жоғын білмейді.
"Қазір 5:30-да тұрамын. Таңғы ас 9-да беріледі. Оған дейін жатып демаламын. Бір айдан кейін ауруханадан шығамын. Үйге барып, үй шаруасын реттеп, өзіме қарауым керек", - деп түйіндеді ол.
"Жан ауруына" душар болған екінші кейіпкердің есімі - Айнұр, жасы 25-те.
Кейіпкер мектепті "алтын белгіге", университетті "қызыл дипломға" бітірген. Қазір магистратурада оқып жатыр. Қазақ тілі мен орыс тілінен бөлек, ағылшын, қытай, түрік тілдерін меңгерген. Айнұр де Айнагүл секілді мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.
"Өмірде әртүрлі жағдай болады. Бәрі біз қалағандай бола бермейді. Мен қоғамнан әділдікті іздеп, таба алмағаннан осындай жағдайға түстім деп ойлаймын. 2020 жылы университетті тәмамдағаннан кейін ауылдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Кейін Түркияға бір жарым айға тағылымдамаға барып қайттым. Әлеуметтік желіден бір жарым миллион теңгеге "Тур жасауды үйретемін" деген қыздың жарнамасы шықты. Соны оқи бастадым. Өмірім жақсара бастады. Бірақ сол қызбен жұмыс істей бастағалы 5 күн бойы көз ілмедім. Ақыр аяғында маған курс сатқан қыз ақшамды қайтармады. Осы нәрсе аурудың асқынуына әкелді", - дейді ол.
Мұның барлығы 15 жасымда басталды.
"Мектепте президент, бас редактор болдым. Одан бөлек, алғашқы махаббат хикаясы: сезімді тұншықтыру, эмоцияға ерік бермеу, өзімді тұмшалау. Бұдан басқа, анам мұғалім болғандықтан басымда "идеал картина" жасап алғанмын. Соған сәйкес келу үшін жүрегімдегі эмоцияны тұмшалап келдім. Сөйтіп 15 жасымда ауруханаға түстім. Одан кейін жын шығаратын имам мені 4 жыл емдеді. Сол кездері аурудың беті қайтты. Кейін университеттің 3-курсында АҚШ-қа барғым келген. Визаға екі рет тапсырдым, екеуінде де берілмеді. Соның салдарынан шизофрения ауруы қайта басталды. Қатты стрестен эпизодтар қайта көріне бастады", - дейді кейіпкер.
Айнұр мұндай жағдайда не нәрсеге назар аудару керегін айтты.
"Егер адам дұрыс ұйықтамай бастаса, демек оған бірден назар аудару керек. Мен істің байыбына бармай, тыныштала алмаймын. Оған қоса, бір тапсырма берілсе, оның бірнеше шешу жолын іздеп кетемін. Негізі шизофрения "мидың ауруы" деп айтылады ғой, бірақ мен оны "жанның ауруы" дер едім. Эмоцияға ерік бермейміз, қоршаған ортаның сынынан қорқамыз, күлгіміз келгенде күлмей, жылағымыз келгенде жыламаймыз. Мимен өмір сүріп кеткендіктен, жүрек ұмытылып қалды", - дейді ол.
Кейіпкердің айтуынша, эпизодтарға фантастикалық және қорқынышты фильмдердің әсері тиген.
"Ауру қозғанда менің миымда "егер қатты жүгірсең, қасқырға айналып кетесің" деген ой пайда болады. Мен дауыс естімеймін. Менің миым мүмкін емес нәрселерді ойлайды. Одан бөлек, "осы әлемнің құтқарушысымын" деген ой келеді. Жалпы шизофренияның 3 мыңнан аса түрі бар", - дейді Айнұр.
Айнұр аурудың басталғанын қалай сезетінін айтты.
"Тылсым күш пайда болады. Әдетте екі ер адамды итере алмайсыз ғой, бірақ сондай кезде кәдімгідей күш пайда болады. Мен 5 рет ауруханаға түстім. Барлығында агрессиямен келдім, 1-2 күн байлауда жатамын. Агрессияның түбі - балалық шақ. Анама реніш. Әкем жылы сөзді көп айтқан, ал анамның махаббат тілі басқа. Сол үшін ол кісіге реніш болған. Миым "анам мені жақсы көрмейді" деп қабылдап жүрген. Бірақ менің жағдайымды бәрінен көп анам ойлайды ғой. Алғашқыдағы, 15 жасымдағы эпизодтар еміс-еміс есімде. Ол кезде қабырғаны ұстап жүріп, құлап қалатынмын. Қайталанған уақыттарда дұрыс нәрсе жасап тұрмағанымды білсем де, өзіңді басқара алмаймын", - дейді науқас.
Кейіпкер бұған дейін жын шығарушының көмегіне де жүгінген.
"Бәрі "Дәстүр" фильміне ұқсас. 15 жасымда мені Түркиядан келген адам емдеді. Оның жын шығару әдісі бөлек. Ол кісі суға бал қосып, Құран аяттары арқылы емдеді. Бұл жолы менде күйзеліс болған соң, ауруханаға жатуға тура келді", - дейді кейіпкер.
- Не нәрсе күш береді?
"Бұл өмірде жақсылыққа сену. Бұрын бір жақсы сөз естідім. "Егер Алла сені жақсы көреді деп ойласаң, өмірің махаббатқа толады, ал жек көреді деп ойласаң, өмірің қайғыға толады" деген. Жақсылыққа деген сенім маған күш береді", - деп аяқтады Айнұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!