Астанада полицейлер көпқабатты үйден секірмек ер адамды құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"102" арнасына ер адам 8-қабаттың терезесінен секірмек болғаны туралы қоңырау түскен. Құрамында полиция капитаны Асылхан Молдағалиев пен аға лейтенант Қуат Сембеков бар автопатруль оқиға орнына жеткен.
Полицейлер келгенде, ер адам балкон терезесінде қолымен асылып тұрған. Тәртіп сақшылары жоғарыға көтеріліп, жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге ер адамды қолынан ұстап, ішке тартып кіргізген. Осы кезде мас болған ер адам қатты айқайлап, босатуды сұраған.
"Балконда асылып, төменге секірмек болған ер адам тұрған жерге бірден жеттік. Санаулы секундтарда жоғары көтеріліп, оның қолынан ұстап, пәтерге кіргіздік", - дейді Асылхан Молдағалиев.
Ер адамға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Полицейлер 28 жастағы жігіттің мұндай жағдайға баруына не түрткі болғанын анықтап жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!