Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады - ШҚО әкімі

Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады - ШҚО әкімі
Фото: ortcom.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шығыс Қазақстан облысында Қатонқарағай мен Зайсанға әуежай салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен көшпелі брифингте мәлім етті. 

"Марқакөл мен Алтай аудандарында жаңа екі орталық ашылып жатыр. Жол бойындағы сервисті де бір стандартқа сай келтіріп жатырмыз. Өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін брендтік іс-шаралар өткізіп келеміз. Қатонқарағай мен Зайсанда әуежай салынады. Бұл шалғайдағы аудандарды дамыту үшін маңызды қадам болмақ. Өңір экономикасын дамыту үшін жалпы сомасы 2032 жылға дейін іске асырылатын 913 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жоба әзірленді. Оның ішіндегі 10 жоба биыл жүзеге асырылып, 478 жұмыс орны ашылды. 2024 жылы облыс экономикасы 6,5 пайызға артқан", - дейді Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ қонақжай үйлері ұйымдастырылған туризмнің үлгісіне және тұрғындардың табыс көзіне айналып отыр. 

"Қатонқарағайдағы Коробиха ауылындағы әрбір үй ала жаздай туристерді қабылдайды. Қазір Зимовье және Поперечное ауылдары осы бағытта дамып келеді. Табиғаты әсем, айналасы таулы аймаққа қысы-жазы келушілер жеткілікті. Риддер қаласында белсенді демалыс және тау шаңғысы спортымен шұғылдануға арналған кластер қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Ал Қатонқарағай ауданында 4 жұлдызды отель мен 2-3 жұлдызды қонақүйлер салынады", - деді облыс басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет