- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қатерлі ісіктің алдын...
Қатерлі ісіктің алдын алады: күн сайын шай ішсе ағзада не болады?
Қазақ халқын шай сүйер қауым десек қателеспейміз. Шайды кешке, таңертең, түсте тіпті түнде ішетін кейбір қазақтардың бір күні де шайсыз өтпейді. Дегенмен шайды тым көп ішу денсаулыққа зиян емес пе? Massaget.kz тілшісі күн сайын шай ішетін адамның ағзасында не болатынын анықтап көрді.
Шайдың құрамы
Шайдың негізі алты сұрыпы бар: қара, көк, ақ, сары шай, улонг және пуэр.
Бұл шай түрінің бәрі Camellia sinensis өсімдігінің жапырағынан дайындалады. Өндіріс процесінің уақыты мен түріне қарай жапырақ ерекшеленіп, шай жапырағында бірқатар биохимиялық реакция жүреді.
Шайдың құрамы оның сұрыпына қарай өзгереді, бірақ L-теанин аминқышқылы, күшті антиоксиданттық және қабынуға қарсы қасиеті бар биологиялық белсенді өсімдік заттары флавоноид (катехиндер) және флавонол (оларды полифенолдар деп те атайды) шайдың кез келген түрінде бар.
Сонымен қатар, шай құрамында кофеин, теобромин және теофиллин алкалоидты, танин, В, С, Р және РР дәрумендері және калий, магний, темір, кальций және фосфор секілді микроэлементтер бар.
Шайдың ағзаға пайдасы
1. Қатерлі ісіктің алдын алады
2020 жылы Advances in Nutrition журналында жарияланған зерттеудің нәтижесіне сәйкес, шайдың құрамында актионсидант көп болғандықтан, шайдың қорғаныс әсері ауыз қуысының, сүт безінің, бауырдың және эндометрияның қатерлі ісігіне таралатынын көрсетті. Антиоксидант қатерлі ісік дамуының негізі болып саналатын жасушаларды бос оттегі молекулаларының зақымдануынан қорғайды.
2. Ми саулығы
Көк шайдың құрамында көп болатын L-теанин аминқышқылы миға пайдалы. 2021 жылы Journal of Medicinal Food журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, L-теанин зейін мен есте сақтау қабілетінің жақсаруына ықпал етеді. Ал ол кофеинмен біріксе, күші артып, жалпы ойлау қабілетін жақсартады.
3. Иммундық жүйенің саулығы
2020 жылы Frontiers in Immunology журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша көк және қара шайдың құрамындағы пигаллокатехин галлат және теафлавин секілді екі негізгі полифенол вирус/бактериямен күрескенде иммундық жүйенің күшін арттыратыны белгілі болды.
Сонымен қатар, шайдың құрамындағы басқа да заттар, яғни алкалоид кофеин, теобромин және теофиллин қабынуға қарсы әсерге ие.
4. Жүрек-қан тамырлары және зат алмасу жұмысы
Қан қысымын, сондай-ақ қандағы қант пен холестеринді қалыпты ұстап, жүрек-қан тамырлары және метаболикалық аурулардың қаупін азайту үшін күніне 2-3 кесе қара немесе көк шай ішу жеткілікті. Мұндай қорытындыға 2022 жылы Advances in Nutrition журналында жарияланған зерттеудің авторлары келген. Мұның бәрі шайдың құрамындағы флавонолдың әсері.
5. Ас қорыту жүйесінің саулығы
Шай құрамындағы полифенолдар ішекте жақсы бактерияның көбеюіне ықпал етіп, асқазан-ішек жолындағы қабынуды азайтуға көмектеседі. Сондықтан дәстүрлі қытай медицинасында іш ауырып, диареядан қиналған адамға шай ішу ұсынылады.
6. Өмірді ұзартады
2022 жылы Annals of Internal Medicine журналында жарияланған зерттеу авторлары шай өмірді ұзартатынын анықтаған. Сондай-ақ шай ішетіндердің жүректің ишемиялық ауруы мен инсульттан өлу қаупі төмендейді.
Айта кетейік, бұған дейін шайды көп ішу ағзаға қалай әсер ететіні хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қоңырау шалған жасырын номерді қалай анықтауға болады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә