Қазнет қолданушылары қатерлі ісік ауруын емдейтін құрылғыны ойлап тапқан дәрігер Вильгельм Райх туралы хабарламалар таратып жатыр. Олардың айтуынша, оны бұл жаңалығы үшін түрмеге қамаған екен. Алайда бұл жалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Вильгельм Райх - өте танымал психоаналитик, ол жыныстық қанағаттану кез келген аурудың, соның ішінде онкологияның әмбебап емі деп санайды. Райх көлемі телефон қорабындай ағаштан, металдан және қой жүнінен жасалған машинаны ойлап тапқан. Бұл үйшік жыныстық энергия - "оргонды" шоғырландырып, науқастарды емдеген екен.
Бұл әдістің тиімділігіне ғылыми дәлелдер болған жоқ, сонымен қатар, "оргон" деп аталатын энергияның бар екені де расталмаған.
"Жыныстық қанағаттану кез келген ауруды емдей алады" деген теорияны психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фрейд те жоққа шығарған. Ұлы физик және салыстырмалы теориясының авторы Альберт Эйнштейн де Райхтың құрылғысы жұмыс істейтініне күмән келтірген. Райхпен кездесу кезінде Эйнштейн оны көбінің неге ессіз деп санайтынын түсінгенін атап өткен.
Алайда Райхтың өнертабысы қатерлі ісікке шалдықпаған, бірақ әл-ауқатын жақсартқысы келетін атақты адамдар арасында танымал болған. Оған FDA - Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасының мамандары да назар аударған. "Оргонмен" емдеудің тиімділігіне аз да болса, дәлел таппағаннан кейін, олар Райхтың өнертабысын медициналық алаяқтық деп танып, оны сатуға және жарнамалауға тыйым салуды талап етіп, сотқа жүгінген. Сот бұл талапты сырттай қанағаттандырған, өйткені Райх отырысқа келуден бас тартқан.
Райх сот шешімін сақтамай, үйшіктерді сатып, өз қызметін жарнамалауды жалғастырған. Сондықтан оған қарсы тағы да іс қозғалған, бірақ бұл жолы сотты құрметтемегені үшін болған.
Ал психологиялық сараптама кезінде Райх сау емес деп танылды, онда паранойя, ұлылық маниясы және қудалау маниясы бар екені анықталған. Соңғыларын Райхтың өзгеғаламшарлықтардың оны бақылайды деп ойлайтынынан, сондай-ақ, сол кезде АҚШ президенті болған Дуайт Эйзенхауэр Райхтың жағдайын білу үшін АҚШ әуе күштерінің ұшақтарын жіберді деп айтқанынан байқауға болады.
Осының бәрін ескере отырып, Райх екі жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда ол тек тоғыз ай ғана отырып, 60 жасында қайтыс болған.
Демек, Вильгельм Райх қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап таппаған. Ол "оргон" деп аталатын белгісіз бір энергиямен "жұмыс істейтін" және ешнәрсені емдемейтін құрылғы ойлап тапқан. Оның ашқан жаңалығы медициналық алаяқтық деп танылды. Ол сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін түрмеге қамалған. Демек таралған ақпарат - фейк.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!