- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қатерлі ісік жайлы...
Қатерлі ісік жайлы білмей қалмас үшін қашан және қандай тексерістен өту керек?
Қатерлі ісікті қаншалықты ерте анықтаса, оны емдеу мүмкіндігі соншалықты жоғары болады. Жоспарлы түрде тексеріліп тұру керегі жайлы жиі естісек те, әдетте оған немқұрайлы қарап, уақыт бөле қоймаймыз. Радиолог дәрігерлер қатерлі ісік түрлерінің белгілерін уақытында анықтау үшін қандай тексерістерден өту керегін ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питер" порталына сілтеме жасап.
Өкпе қатерлі ісігі
Ерекше қауіп тобына темекі тартатын адамдар жатады. Мынадай ереже бар: осы зиянды әдетті бастағаннан бастап 15 жыл өткеннен кейін жыл сайын өкпені КТ-ға (компьютерлік томография) түсіріп тұру керек. Мысалы, жоғары сыныпта оқып жүргенде темекі тартып бастасаңыз, 30 жасқа толғаннан кейін жүйелі түрде тексерістен өтіп тұруыңыз керек. Ал мұндай зиянды әдеті жоқ адамдар 40 жасқа толғаннан кейін жыл сайын тексерістен өтіп тұрғаны жөн.
Асқазан қатерлі ісігі
45 жасқа толғаннан соң жыл сайын гастропанельге қан тапсырып тұру керек. Егер дәрігер күмәнді өзгерістер байқаса, гастроскопияға жібереді. Егер туысқандарыңыздың арасында асқазан қатерлі ісігімен ауырған адамдар болса, гастроскопияға 40 жастан соң түсіп бастаған жөн.
Ішек қатерлі ісігі
Аурудың белгілерін уақытында байқау үшін 40 жастан соң жыл сайын жасырын қанға нәжіс анализін тапсырып тұру керек. Егер анализден соң нәтиже оң болып шықса, дәрігер науқасты колоноскопияға жібереді. Егер туыстарыңызда ішек қатерлі ісігі болған болса, колоноскопиядан жыл сайын өту керек.
Сүт безі қатерлі ісігі
Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін 20 жастан бастап жыл сайын гинеколог тексерісінен өту керек. Сондай-ақ жыл сайын сүт бездерін УДЗ-ға түсіріп тұрған жөн.
Жатыр мойыны қатерлі ісігі
Барлық әйел жыныстық толысқаннан кейін жыл сайын гинекологқа қаралып, жағынды тапсырып тұру керек. Сондай-ақ адам папилломасы вирусына тест тапсыру қажет.
Аналық без қатерлі ісігі
Бұл аурудың да белгіліреін уақытында анықтау үшін жыл сайын гинеколог маманына қаралып тұру маңызды. Дәрігер сізді кіші жамбасты УДЗ-ға түсіруге жіберуі мүмкін. Сондай-ақ СА-125 маркеріне қан тапсыруыңызды сұрауы мүмкін.
Қалқанша без қатерлі ісігі
Онкологияның бұл түріне 35 жастан бастап қаралу керек. Дәрігерлер 5 жылда бір рет қалқанша безді қолмен басып тексеруді және қалқанша без дисфункциясына скрининг өтуді ұсынады. Қажет болса, қосымша УДЗ түсіруді талап етуі мүмкін.
Қуықасты безі қатерлі ісігі
Бұл ауруды уақытында ұстап алуға простата спецификалық антигеніне қан анализін тапсыру және кіші жамбас органдарын УДЗ-ға түсіру көмектеседі. Туысқандарының арасында осындай қатерлі ісікке шалдыққан адам болса, тексерісті 40 жаста бастап, одан соң жыл сайын өтіп тұру керек. Ал басқа адамдар оны 45 жаста бастаса болады.
Тері қатерлі ісігі
Бұл оңай байқалатын қатерлі ісік түрінің бірі. Егер мына белгілерді байқасаңыз, дәрігерге көріну керек:
- Өлшемі жылдам өсіп келе жатырған жаңа мең;
- Мең немесе қал пішінінің, түсінің және өлшемінің өзгеруі;
- Меңнен немесе қалдан ірің шығу;
- Жазылмайтын жаралар.
Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігін бастапқы стадияда қалай анықтауға болады?
А. Жапатова