Біздің күніміз ойланбастан жасайтын, күнде қайталанатын әрекеттер тізбегінен тұрады. Бізге қарапайым болып көрінетін кейбір әдеттер сіз ойлағандай зиянсыз емес. Бір қарағанда қалыпты көрінетін дәм мен өмір салтының ерекшеліктері қатерлі ісік қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі толығырақ зерттеп көрді.
Қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін 6 әдет
Отырықшы жұмыс. Кеңседе және үйде жұмыс істейтіндер отырықшы өмір салты қатерлі ісік ауруының маңызды қауіп факторы екенін есте ұстаған жөн. Сарапшылар физикалық белсенділікке мүмкіндігінше күніне кем дегенде жарты сағат бөлуді ұсынады. Отырықшы өмір салты әсіресе өкпе, эндометриялық және ішек қатерлі ісігінің даму қаупіне әсер етеді. Адам неғұрлым көп отыратын болса, қатерлі ісіктің осы түрлеріне шалдығу қаупі соғұрлым жоғары болады.
Тәтті газдалған сусындар. Мұндай сусындардың - тәтті және калория мөлшері көп, гликемиялық индексі өте жоғары, олар эндометрия қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады. Бұл сусындарды көп мөлшерде ішу қандағы қант деңгейінің және инсулин өндірісінің жоғарылауына әкеледі. Бұл өз кезегінде жатырды қаптайтын эндометрия жасушаларының белсенді бөлінуін тудырады. Сондай-ақ газдалған тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну ұйқы, сүт және аналық безінің қатерлі ісігі сияқты аурулардың пайда болуына себеп болатыны дәлелденді.
Ыстық сусындар. Әрине, алкогольдік немесе газдалған сусындарға қарағанда, шай мен кофе әлдеқайда пайдалы. Оған қоса, кофе қатерлі ісікке қарсы әсер етіп, әртүрлі онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтады. Дегенмен, тым ыстық сусындар да айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Мәселе ыстықтан тіл не ішкі ағзаның күйіп қалуында емес. Ыстық сусындарды ұнататын адамдарда өңеш пен тамақ қатерлі ісігі сусынды салқын күйде тұтынатындарға қарағанда жиі кездеседі.
Түнгі ауысымда жұмыс істеу. 2018 жылы жүргізілген зерттеудің нәтижесіне сәйкес, түнде жұмыс істейтін әйелде қатерлі ісіктің кез келген түрінің даму қаупі әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейтіндерге қарағанда 19 пайызға жоғары. Мұндай жұмыс ұйқы мен биоритмді қалыпқа келтіріп, қатерлі ісіктің дамуына кедергі келтіретін мелатонин өндірісін бұзады.
Тісті дұрыс тазаламау. Ғалымдардың айтуынша, көп адам тіс тазалауға жауапкершілікпен қарамайды. Алайда бұл тістің саулығына кері әсер етіп қана қоймай, басқа да мәселелер тудыруы мүмкін. Тіс пен қызыл иектің жағдайы қатерлі ісік ауруын қоздыратын фактор. Ал пародонтпен ауыратын адамдарда өкпе және колоректальды қатерлі ісіктің пайда болу қаупі 24 пайызға артады екен.
Көкірекшедегі ұялы телефон. Дәрігерлер телефонды көкірекшеге қоюға дағдыланған қыздарда сүт безі ісіктерінің кем дегенде жеті жағдайын тіркеген. Ісік тура гаджетті салған жерде пайда болған, бұл сүт безі қатерлі ісігінің атипті орналасуы. Сондықтан ұялы телефон сақтауға ыңғайлы деп оны көкірекшеге салған дұрыс емес.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!