- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қателесіп жатқанын көрмедік"....
"Қателесіп жатқанын көрмедік". Кореяда даяшының орнына робот қызмет атқаратын мейрамхана ашылды
Кореяда даяшының орнына робот қызмет атқаратын мейрамхана ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.
Көпшілік құлтемірлердің жұмысын тамашалау үшін Чолла провинциясына келіп жатыр. Бұл мейрамханада әлемде алғаш рет 16 робот бір уақытта жұмыс істейді. Олар 90 үстелге қызмет етеді. Құлтемірлер бір-бірімен соқтығыспайды, өйткені роботтар сенсор және камерамен жабдықталған. Роботтар әлі адамдарды толығымен алмастыра алмайды. Тамақты кәсіби аспаздар дайындайды, ал нағыз даяшылар ақылды машиналарға ыдыстарды үстелдерге қоюға көмектеседі. Клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдарламашылар роботтардың қозғалыс жылдамдығын анықтап, мейрамхананың залдарына Wi-Fi бағытын орнатқан.
"Бұл мейрамхана шамамен 1000 шаршы метр аумақта орналасқан. Менің ойымша, бұл - 16 робот жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз мекеме. Сондай-ақ, біз роботтармен бірге 90 электрон мәзірді қолданамыз. Бір немесе екі роботты пайдалану үшін Wi-Fi сапасы маңызды емес, бірақ 16 робот үшін байланыс желісі маңызды. 2021 жылы 1-буын роботы жасалды, ол шағын болды. Екінші буын роботы 4 деңгейлі және үлкенірек болды", - дейді телекоммуникациялық компанияның филиал басшысы Чон Джин.
"Ақылды даяшылар" мейрамхана иесінің көңілінен шыққан.
"Бір қызметкердің айлығына 8 роботты пайдалануға болады. Біз роботтарды айына 600 000 вонға немесе шамамен 500 долларға жалға аламыз. Мейрамханада роботтар қолданылғаннан кейін қызмет көрсету сапасы артты. Роботтарды қолданудан екі жыл бұрын ғимарат дайындалған болатын. Бағыттарын дайындап, үстелдер арасындағы қашықты сақтау қажет болды. Мейрамхананың табысы 30 пайызға өсті. Келушілер саны 30 мыңнан асты", - дейді мейрамхана иесі Ли Чоль Мин.
Жақында мұндай роботтар Оңтүстік Кореяның тағы 2 мейрамханасында пайда болады. Демек, ақылды машиналар адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Өйткені Кореяда робот-аспазшы мен робот-бариста жасалды.
"Бұрын осы мейрамхана дәмді ет пен терезе сыртындағы әсем көріністің арқасында танымал болды. Менің ойымша, роботтар жақсы жұмыс істейді. Барлығы жинақы, қателесіп жатқандарын көрмедік", - дейді жергілікті тұрғын Пак Да Вон.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова