Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани көз жұмды

Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы Қатар әмірінің кеңсесі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі aa.com.tr-ға сілтеме жасап. 

Шейх Хамад Қатарды 1995 жылдан 2013 жылға дейін басқарды. Кейін билікті өз еркімен ұлы, қазіргі әмір шейх Тамим бен Хамад Әл Таниге тапсырды.

Хамад бен Халифа Әл Тани туралы не белгілі?

Ол қазіргі Қатардың дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде белгілі. Оның билігі тұсында ел табиғи газ өндірісі мен экспортын күшейтіп, аймақтағы ықпалды мемлекеттердің біріне айналды. Қатар сұйытылған табиғи газ экспорты бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылды.

Шейх Хамад кезеңінде білім, денсаулық сақтау, ғылым және инфрақұрылым салаларына ірі инвестиция салынды. Qatar Foundation құрылып, Al Jazeera телеарнасы хабар тарата бастады. Сондай-ақ, елде баспасөзге қатысты цензура жойылды.

Оның тұсында Қатар халықаралық аренада да белсенді рөл атқарды. Ел Таяу Шығыс пен Африкадағы түрлі келіссөздерде арағайын болып, 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды.

2013 жылы шейх Хамад билікті ұлына өз еркімен тапсырып, Парсы шығанағы елдері үшін сирек кездесетін бейбіт билік ауысуын жүзеге асырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!