- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қатарда 1000-нан аса...
Қатарда 1000-нан аса қазақстандық 5 мың доллар тауып жүр – Құдайберген
Қатарда мұнай саласында жұмыс істейтін 1000-нан аса қазақстандық маман айына 5 мың доллар тауып жүр. Бұл туралы "Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының" төрағасы Алмас Құдайберген айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзіне сенсек, 2022-2024 жылдар аралығында Теңіз кен орнында 80 мыңнан аса адам жұмыс орнын босатқан.
"Біз, компания басшылары мен бизнесмендер не істеу керегін ойлана бастадық. Әрбір қызметкер маңызды. Cебебі, оқытылған қызметкерлерді жоғалтқымыз келмейді. Жалпы отбасымен есептесек, бұл – 200 мыңнан аса адам", - деді Алмас Құдайберген ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Төрағаның пікірінше, қазақстандық мамандардың халықаралық мұнай жобаларына тарту маңызды. Осылайша, олар біліктілігін арттырады.
"2023 жылдың соңында біз Доха қаласында (Қатар) алғашқы ірі бизнес-форум өткіздік. Қазақстандық мамандар мен компаниялардың экспорты елімізге үлкен пайда әкеледі...", - деді басшы.
Ол Қатарда табысты жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарды мысалға келтірді.
"Шетелде орташа жалақысы 200 мың доллар болатын мұнай сервисіндегі 1 мың қызметкерді алайық. Жыл сайын олар елімізге 250 млн долларға дейін пайда әкеледі. Мысалы, Қатарда 1 мыңнан аса қазақстандық маман жұмыс істейді. Олардың жалақысы – 5 мың доллар (2 399 679 теңге, 1 доллар – 479,94 теңге). TotalEnergies Qatar деген үлкен ұйым бар. Оны қазақ басқарады. Ол осы компанияда 17 жыл жұмыс істеп жүр. Ол Қатардағы TotalEnergies Qatar компаниясының барлық операциясын басқарады. Осы елдегі негізгі техникалық позицияда жерлестеріміз жұмыс істейді", - деді Алмас Құдайберген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы