“Қатаң шара қолданылады“. Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке инфляция бойынша шұғыл тапсырма берді

“Қатаң шара қолданылады“. Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке инфляция бойынша шұғыл тапсырма берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің сөзінше, оның шарықтап кетуіне жол бермеу керек.

"Инфляция не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет. Дәл осы тұста түрлі пікір айтылып жатыр. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп, нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілі мен сарапшылар қатысуға тиіс.

"Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет. Биылдан бастап үш жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз "жол карталарын" әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады", - деді Тоқаев.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget