Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алғашқы іссапарын еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласынан бастады. Жергілікті тұрғындар мен басшыларын Наурыз мерекесімен құттықтаған мемлекет басшысы шара барысында бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Соның ішінде, Жастар жылында келешек буынды қолдауға арналған маңызы жоғары іс-шаралар өткізу мәселесі де қаралды.
Мемлекет басшысы, сөз басында елдегі саяси өзгерістердің мән-жайын түсіндіре кетті.
– Елбасының биылғы 19 наурызда қабылдаған шешімі мемлекетіміздің болашағына деген шынайы қамқорлықты білдіреді. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне қатысты да өз ойымен бөліскен Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзін былай сабақтады:
– Біз азаматтарымыздың, ең алдымен, жастардың жұмысқа орналасуына және кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасауға тиіспіз. Шетелде жұмыс істеп жатқандардың әлеуетін елімізде пайдалану мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Сонда біз күшейе түсеміз. Сонымен қатар, жұмыс табуға ұмтылмайтындарды, әсіресе әлеуметтік масылдықты қолдауға болмайды. Мемлекет әлеуметтік жағдайы нашарларға көмек көрсететін болады. Қалғандарының бәрі жұмыс істеуге тиіс.
– Біз жастар үшін жаңа мүмкіндік беруіміз керек. Соның ішінде олардың бизнеспен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына, табыс табуына жол ашу қажет. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев, - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Президент облыс орталығындағы жастардың ресурстық орталығына арнайы барды. Орталықтың жұмысын таныстыру барысында жастар бұл мекемеде жұмыс істеп тұрған "Жастарға қызмет көрсету", "Жас сарбаз", "Тілдер мектебі", "Еріктілер клубы" атты тақырыптық секторлардың және таяуда ашылған "TURKISTAN HUB" коворкинг орталығының жұмыстарын көрсетті.