Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның астанасында болған оқиғаға байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Мемлекет басшысы Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты", - делінген ресми хабарламада.
Ал жолданған жеделхатта: "Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", - деп жазылған.
Еске салайық, 23 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 15:30 шамасында белгісіз біреулер TUSAŞ аумағында жарылыс жасап, арты атысқа ұласты. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, 14 адам жараланғаны белгілі болды.
Анкара Бас прокуратурасы лаңкестік әрекетке қатысты тергеу жұмыстарын бастағанын хабарлаған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!