- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қасым-Жомарт Тоқаев пен...
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух брифинг өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан және Моңғолия президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Президент, ең алдымен, Ұлан-Батырға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін жеткізді.
"Моңғолия - аймақтағы маңызды көршіміз. Біз бір-бірімізге тілектеспіз. Біздің тарихымыз, рухани және мәдени құндылықтарымыз - ортақ. Бүгінгі кездесу қазақ тарихында айрықша орын алатын Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның екі халық үшін символдық мәні зор. Соңғы жылдары қазақ-моңғол қатынастары қарқынды дамып келеді. Берік татулыққа негізделген ынтымақтастық стратегиялық серіктестікке ұласты. Біз президент Хурэлсух мырзамен бірге арнайы декларацияға қол қойдық. Бұл құжат екі елдің достығын нығайта түседі. Түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді", - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдету жөнінде уағдаласқанын айтты.
"Жалпы келіссөздер өте табысты өтті деуге толық негіз бар. Экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға келістік. Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды. Бүгін Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойдық", - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел делегациясы ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты нәтижелі келіссөз жүргізген.
"Қазақстанда мал ауруларына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Осы орайда, алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келістік. Сонымен қатар жаңа технологияны, қазба байлықты бірлесіп игеруге тоқталдық, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Өздеріңізге мәлім, елдерімізде табиғи ресурс мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлап, игеру үшін бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Келіссөздер барысында көлік-логистика мәселелері туралы әңгімелестік. Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру - маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды", - деді президент.
Бұл ретте мемлекет басшысы кеше Ұлан-Батырда өткен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысында кәсіпкерлер ауқымды коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойғанына назар аударды. Екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн деп санайды.
"Бүгінде Астана мен Ұлан-Батыр арасында бауырластық байланыс орнаған. Осындай байланысты басқа да аймақтар арасында дамыту маңызды. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы - берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз", - деді президент.
Мемлекет басшылары ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп, жастардың қарым-қатынасын арттыра түсетін тың бастамаларды талқылады.
"Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сондай-ақ ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырамын. Осы маңызды қадамдар екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Моңғолия халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз байланыс орнатқан әрі көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас.
"Жаһандық және аймақтық құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Әсіресе Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға назар аудардық. Қазір геосаяси жағдай күрделі. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетіп, консультация өткізу маңызды. Біз екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты дамыта береміз. Моңғолияның Еуразия экономикалық одағымен еркін сауда келісімін жасау ниетін қолдаймыз", - деді президент.
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух қазақ пен моңғол бауырлас халықтар екенін, оларды ежелден тарихи, мәдени және рухани мұралар біріктіретінін мәлімдеді.
"Сіздің мемлекеттік сапарыңыз барысында екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасын одан әрі кеңейту және дамыту жөнінде тарихи шешім қабылдадық. Бұл Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтастығын стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Аталған айтулы оқиға өзара байланыстарымыздың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан Республикасы - Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз. Біздің ресми келіссөздеріміз жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті. Осы орайда 30 жылдағы жетістіктерімізді қорытындыладық. Ынтымақтастығымызды жаңа мазмұнмен байыту, алдағы уақытта байланыстардың барлық саласын кеңейту жөнінде нәтижелі пікір алмастық. Өзара ықпалдастықтың перспективасын, басымдықтары мен жол картасын бірге айқындадық", - деді Ухнаагийн Хурэлсух.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова