Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президентіне көңіл айту жеделхатын жіберді

Мемлекет басшысы Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Магдебург қаласындағы жәрмеңкеде орын алған жантүршігерлік оқиға салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Германия Федеративтік Республикасының Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.

"Достас герман халқының ауыр қайғысына ортақтасып, еліміздің және өз атымнан марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін", - деп жазылған жеделхатта.

Еске салайық, Магдебургтегі Рождестволық базарда көлік жәрмеңкеде жүрген адамдарды қақты. Нақтыланған мәліметтерге сәйкес екі адам қаза тауып, 70-ке жуығы жараланған.

Көлікпен адамдарды қаққан күдікті қамауға алынды. Ол Сауд Арабиясынан келген 50 жастағы ер адам дейді Хазелофф. Ол Германияға 2006 жылы келіп, дәрігер болып жұмыс істеген. Ол бұл әрекетке әдейі барды деген күдік бар.

Лаңкестік шабуылдан зардап шеккендердің саны көп болуы да мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!