- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қасығы, егеуі, медалі...
Қасығы, егеуі, медалі табылды - соғысқа қатысқан атасы қайда жерленгенін 79 жылдан кейін білген қазақстандық
Ұлы Отан соғысы жылдары ұрпағын туған-туысқа аманаттап, өзі қасық қаны қалғанша ерлік көрсеткен батырлар аз болмады. Даңқты батырлардың кейбіреуіне жат жұрттан топырақ бұйырды. Алайда 70 жылдан аса уақыт өткеннен кейін де соғысқа қатысқан аталарының жерленген жерін тауып жатқан қазақстандықтар бар.
Соның бірі - Бірлік Қалқаев. Massaget.kz тілшісі батырдың ұрпағымен сұхбаттасты.
"1943-те 43 жасында соғысқа кеткен"
Қарағанды қаласының тұрғыны Бірлік Қалқаевтың атасы 1943 жылы соғысқа аттанған.
"Қалқай Сармантайұлы - әкемнің әкесі, атам. Ол Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарытерек селосынан 1943 жылы соғысқа кеткен. Кейінірек тірі не өлі екені белгісіз болып, із-түзсіз кеткен", - дейді ол атасы туралы.
Қалқай Сармантайұлы
"Атамыз кеткен соң әжеміз де өмірден өткен"
Қалқай Сармантайұлы қиян кескі соғысқа кеткенде артында үш кішкентай баласы қалған. Ал жұбайы аурудан бақилық болған.
"Ол кісі соғысқа кеткенде 43 жаста болған. Сол кезде үш баласы болған: әкем, әпкесі, тағы бір қарындасы. Екі қыз, бір ұл болған. Үлкен қыз 13 жаста, әкем 9 жаста, қарындасы 1 жас па, 6 ай шамасында ма, кішкентай болған. Біз ұлдан тарағанбыз, әпкесінің де, қарындасының да бала-шағасы бар. Ал әжеміз атам соғысқа кеткен кезде ауырып жатқан екен. Ол кісі де бір жылға кетпей қайтыс болған, қай жерде жерленгені белгісіз. Атамның хатында да әжеме "амансың ба, аурудан жазылдың ба?" деп жазған. Естуіміз бойынша әкемнің әпкесін сол кезде бірден тұрмысқа берген. Ол кісіні бертінге дейін көрдік. Бала-шағасы Қарағандыда тұрады. Өмірден өткеніне 3-4 жылдай болды. Әжеміз қайтыс болып кеткенде, кенже қызды әжеміздің бауырлары, нағашыларымыз алып кеткен. Әкем ағайын-туыстың арасында жүрген. Әкемнің қайтыс болғанына да 7-8 жылдай болды", - деді Бірлік Қалқаев.
Батырдың ұрпағы атасынан соғыс кезінде хат келгенін әңгімеледі.
"Ол кісіден бір хат келген. Өзі ақынжанды болған. Кейін екі рет газетке шығарды. Еліне, жеріне, балаларына, туыстарына деген сағынышын өлеңмен жазған. Қазір қолымызда жоқ, бірақ газетке шыққан нұсқасы бар", - деді ол.
"79 жылдан кейін атамыз табылды"
Бірлік Қалқаев атасы туралы ақпаратты ашық дереккөздерден, интернет арқылы іздеп көрген. Алайда соғысқа кеткен жерінен басқа мәлімет таппаған.
"Өзім үйдің кенжесімін, әкем атам туралы ағаларыма айтқан шығар. Бірақ өзім әкемнен атам туралы естіген жоқпын. Әкеміздің, әкемнің әпкесінің, қарындасының іздеуге мүмкіндігі болмаған. Бәрі шаруа, бала-шаға деп кеткен. Өзім сұрау салғанмын, бірақ таппадым. Кеткен жері Ақтоғай деп шығып тұр, басқа ақпарат болмады", - деді ол.
Қыста батырдың ұрпағынан Астанадан жақсы хабар жеткен.
"Атамның аманаты" бірлестігінен "атаңыз табылды" деп хабарласты. 2023 жылы күзде табылған. Латвияның іздеу тобы Мәскеуге хабарласқан, Мәскеу Астанаға хабарласқан. Астанадан "Атамның аманаты" бірлестігі ауыл әкіміне хабарласқан, кейін бізді тапты. Осылайша, 79 жылдан кейін атамыз табылып, Достық үйінде ресми марапаттау рәсімі болды. Атамның "Ерлігі үшін" деген медалі болған екен. Денесі Латвиядан табылған. Бауырластар зиратына бір сарбазбен бірге жерленген. "Латвияда 1945 жылы 28 қаңтарда өлтірілген" деп жазылған. Атамыздың медалімен қоса, қасығы, егеуі табылды. Қағазда да 1943 жылы соғысқа кеткені жазылған. Қайтқан күнінен бастап санасам, биыл 79 жыл", - деді Бірлік Қалқаев.
Сондай-ақ, ұрпақтары бауырластар зиратынан әкелінген бір уыс топырақты жерлеп, Ұлы Отан соғысы жауынгерінің құрметіне ескерткіш орнатқан.
"Өзіміз Латвияға барған жоқпыз. Бірақ басынан топырақ әкелді. Оны атамыз туған-өскен жерге апарып, сол жақтағы ақсақалдармен ақылдасып, ата-бабамыз жатқан қорғанға қойдық. Топырағын салып, ескерткіш орнаттық. Кейін сол жерден ас беріп, дұға оқыттық. Бұйырса 8-і күні Қарағандыда мешітте ас бергелі жатырмыз", - деді Қарағанды тұрғыны.
Тәуелсіз елде шат-шадыман өмір сүруімізге Қалқай Сармантайұлы секілді батыр ерлердің қосқан үлесі өлшеусіз. Батырдың ұрпағы да осындай пікірде.
"79 жылдан кейін атамыз табылып, бәріміз қуанып жатырмыз. Ал қазіргі ұрпақтардың бейбіт өмір сүріп жатқаны сол аталарымыздың арқасы деп ойлаймын", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова