- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қастеев мұражайында алғаш...
Қастеев мұражайында алғаш рет студенттердің шығармалары көрмеге қойылды
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында алғаш рет студенттердің шығармалары көрмеге қойылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Республика күні мерекесіне орай "Тұлғалардың ізімен" атты көрмесін ашты. Экспозицияға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "Кескіндеме, мүсін және дизайн" факультеті студенттерінің шығармалары кіреді. Көрме Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайында өтті.
Көрмеге 50-ден астам шығарма ұсынылды
Көрмеге 50-ден астам шығарма ұсынылды, олардың көпшілігі түлектердің дипломдық жұмыстарынан тұрады, сонымен қатар әртүрлі курс студенттерінің оқу жұмыстары кіреді. Көрерменге монументалды және станоктық графика, кескіндеме, баспа графикасы, сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі түрлері: гобелен, батик, ши, кескіндеме, сондай-ақ зергерлік өнер сияқты бейнелеу өнерінің түрлері ұсынылды.
"Мұндай көрме тұңғыш рет ұйымдастырылып жатыр"
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев "Тұлғалардың ізімен" атауымен өтіп жатқан көрменің мақсатын айтып өтті.
"Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үшін бүгін – тарихи күн. Себебі біздің студенттеріміз Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда тұңғыш рет өздерінің жұмыстарын көрсетіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Ә.Қастеев атындағы мұражайдың директоры Гүлайым Жұмабековаға үлкен алғысымды білдіремін. Біздің халқымыз Жүргенов академиясында қандай балалар оқып жатыр, олар немен айналысып жүр, студенттеріміз қандай жұмыстар шығарып жатқанын көруі керек. Осы мақсатта тұңғыш рет мұндай көрмені ұйымдастырып отырмыз", – дейді ректор.
Сондай-ақ ректор бұл көрмені жыл сайын ұйымдастырып тұруды ойлап отырғанын жасырмады.
"Студенттердің қабілетін ашу – біздің басты парызымыз"
"Кескіндеме, мүсін және дизайн" факультетінің деканы Бауыржан Нұрбекұлы Байділда көрменің ерекшелігін атап өтті.
"Бұл көрменің ерекшелігі – "Тұлғалардың ізімен" деген тақырыбынан-ақ көрініп тұр. Көрмеден халық суретшілері – Қ.Телжанов, М.Кенбаев, Х.Наурызбаев, К.Шаяхметов, Е.Сергебаев, Д.Сүлеев, Б.Түлкиев, Д.Шоқпаров қалыптастырған мектепті, солардың еңбегін, жемісін көресіздер. Қазір осы мұражайда тұрған туындылардың авторларының көбі халықаралық дәрежедегі үлкен суретшілер. Солардың бәрі осы мектепті бітірді десек қателеспейміз. Мұндай өнерді біз көрермендерге көрсетуіміз керек. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай. Көбісі студенттердің деңгейін төмен көреді. Алайда бүгінгі көрмеден олардың потенциалдарын көре аласыздар. Қазір жастар басқаша. Әр заманның өзінің адамы бар. Мен әрдайым шәкірттеріме айтатыным, әр адамға Құдай жеке-дара қабілет берді. Сол қабілетті ашу – біздің басты парызымыз", – деді Бауыржан Нұрбекұлы.
"Біздің мәдениетіміз басқа жаққа бұрылып бара жатқандай"
Айгерім Омарқұл көрмеге "Бабалар сөзі" атты жұмысын ұсынған.
"Бұл менің дипломдық жұмысым. Мен жұмысымды бірінші рет және оған қоса осындай Ә.Қастеев атындағы мұражай секілді үлкен мұражайда қойып тұрмын. Жұмысымның осы көрмеге таңдалғанын естігенде таңғалдым және өте күшті сезімде болдым. Маған біздің мәдениетіміз басқа жаққа бұрылып бара жатқандай көрінді. Кейде біздің мәдениет артта қалып бара жатыр деген де ойлар мазалады. Сондықтан біздің аңыз-әңгімелерді осы суретте бейнелегім келді. Мұнда Жалмауыз кемпір, Ұмай ана, шайтан секілді кейіпкерлер, Еңлік-Кебек, Баян сұлу, жоғарыда алып қашу дәстүрі, астында батырлардың оқиғасы бейнеленген. Бұл картинада ең басты кейіпкер – Асанқайғы. Мұнда Асанқайғы жалпы біздің халқымыздың дұрыс, әлде бұрыс жолға кетіп бара жатқанын бақылап тұр", – дейді Айгерім.
"Құрбылар" жұмысын ұсынған Аяжан Мадый Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Станоктық кескіндеме" мамандығын аяқтап, қазір өнер академиясында мастер қызметін атқарып жүр.
"Мен 4-курс оқып жүргенде жанымда әрдайым қыздар болды. Ал оған дейін мұндай жақын достарым болмаған. Сондықтан мен құрбылар тақырыбын таңдап, жанымда жүрген қыздарды суретке түсіруді шештім. Картинада актриса, суретші және әнші қыздар бейнеленген. Сол себепті картинаға гитара, қылқалам және кітаптарды қостым. Қазақи стильді араластыруға тырыстым. Картинаға суық түс пен жылы түсті араластырдым, өзіме қиын түстер секілді көрінеді", – деді Аяжан Мадый.
Көрмеге Аяжанның ата-анасы да келген.
"Көрмеден қызымыздың жұмысын көріп, керемет сезімде болдық, тіпті жылағымыз келіп кетті. Жаңа қызымның жетекшісі, академияның ректоры оны мақтаған кезде көзіме жас келді. Қызым биіктерден көріне берсін. Ол мектеп кезінен сурет салуға бейім болды, сондықтан осы мамандықты таңдаған кезде қарсы болмадық, керісінше, қолдадық", – дейді Аяжан Мадыйдың анасы.
Милена Жигаленок "Шеберхана" атты жұмысын ұсынды. Ол Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын биыл аяқтаған.
"Бұл идея маған 2-курста оқып жүргенде келді. Мен академия ішімен жүрген кезде осы шеберхана тақырыбына көптеген жұмыстарды көрдім. Мен өзім білетін және жақсы көретін нәрсені салғаным дұрыс деп ойладым. Сондықтан біздің шеберхананы және сүйікті группаластарымды салдым. Картинаға қараған әрбір жанға жылулық пен жайлылық атмосферасын бергім келді", – дейді ол.
"Картинамның өзіндік философиясы бар"
Келесі талантты студентіміз Қияра Кульчинбаева 3-курс студенті. Ол көрмеге "Жол" атты картинасын ұсынған.
"Мен бастапқыда бұл картинаны жетекшім – Болат Тұрғынбайдың көрмесіне арнап салған болатынмын. Бізге космос тақырыбы берілді. Әрине, тікелей мағынада емес. Мен адамдардың жарыққа, өмірді тануына деген жолын осылай көрсеткім келді. Оның өзіндік философиясы бар", – дейді Қияра.
"Бізден де Леонардо да Винчи, Рафаэль, Ван Гог шығады деп сенемін"
Суретші Болат Сырлашұлы кей студенттер шетелдегі оқу орындарына барып, тәжірибе алмасып келгендерін айтты.
"Біз әлемдегі бүкіл жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас жасаймыз. Соның арқасында біздің студенттер сол жақтардан тәжірибе алмасып келіп жатыр. Бұл біздің өнеріміздің одан әрі дамуына өз ықпалын тигізіп жатыр. Сондықтан біз әлемдік өнерден артта қалмай, жастарымыз ақпарат алып, оны өз шығармаларына қолданып жатыр. Мен студенттеріміздің осындай жетістіктеріне қуаныштымын.
Байқасаңыз, көрмеде әртүрлі стильдегі жұмыстар ұсынылған. Біз студенттерге өз қолтаңбасын, өз ерекшелігін іздеп табуға бағыт береміз. Біз жас мемлекетпіз, сондықтан болашақта бізден де Леонардо да Винчи, Рафаэль, Ван Гог шығады деп сенемін", – дейді Болат Сырлашұлы.
Көрме 2024 жылдың 30 қазанына дейін жалғасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова