Астанадағы кинотеатрдың бірінде кассир қызды тепкінің астына алған жігіт премьер-министр канцеляриясы бас инспекторы Болат Тұракелдиевтің баласы болып шықты, - деп хабарлайды КазТАГ. Біз де бірер күн бұрын қалың көпшіліктің жағасын ұстатқан бұл жігіттің әрекетін жариялаған болатынбыз.
Әлеуметтік желіде зардап шегушіге көмек беретін арнайы топ құрылып үлгерген. Көпшілік бұл жағдай тараптардың келісімге келуімен аяқталады деп қорқуда. Бойжеткенді тепкен сәттің видеосын көргендер жігіттің бұл қылығын ащы сынға алған.
Қол көтерген жігіт болса, бүгінде барлық әлеуметтік желідегі аккаунтын өшіріп тастаған. Алайда 31 арнаның хабарлауынша, аккаунтын өшірмес бұрын Тұракелдиев өзінің дұрыс жасамағанын мойындаған.
Қоғам қайраткері Ғалым Байтоқтың ойынша, адамдар бүгінде қалталылардың балаларының жазасыз құтылуына көндіге қоймайды. Ал кассир-бойжеткеннің денсаулық жағдайына қатысты еш ақпарат жоқ. Ол журналистермен байланысқа шығудан бас тартты. Қазіргі уақытта айыптыны қорғаушы соттың жабық түрде өтуін сұрағаны белгілі.
Еске салсақ, оқыс жағдай 14 қыркүйекте орын алған. Астаналық Kinopark 8 SaryArka кинотеатрына келген жігіт кассир-бойжеткенге стаканды лақтырып, кейін оны аяусыз тепкен.