- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кассациялық соттар құрылады:...
Кассациялық соттар құрылады: Парламент конституциялық заңды қабылдады
Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстанның кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңы екінші оқылымда қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, конституциялық заң жобасы бойынша құрылған бірлескен комиссия Парламент палаталарының тұрақты комитеттері мен депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын қарап шыққан.
"Бірлескен комиссияның қарауына 100-ден аса түзету келіп түсті. Оның ішінен 60 түзету қабылданды. Қабылданған ұсыныстар мен ескертулер мына мәселелерге қатысты. Біріншіден, дербес кассациялық соттар құру бойынша. Астана қаласында 3, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар құрылады.
Конституциялық заң жобасы аясында кассациялық соттардың өкілеттіктері, құрылымы мен құрамы айқындалып, олардың судьялары мен төрағаларына қойылатын талаптар белгіленді. Судьялар үшін кемінде 18 жыл заңгерлік өтілі немесе кемінде 8 жыл судьялық өтілі, оның ішінде 3 жыл облыстық соттың судьясы болып жұмыс істеу керек. Ал кассациялық соттың төрағасы үшін судья лауазымында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық соттың судьясы ретінде 5 жыл жұмыс өтілі талап етіледі", - деді депутат.
Екіншіден, кассациялық соттардың құрылуына байланысты Сот жюриінің құрамы қайта қаралады.
"Енді ол 13 судьядан және заң саласындағы қоғамдастықтың 2 өкілінен тұрады. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамы да қайта қаралды. Енді оның құрамына жұмыс істеп жүрген 9 судья және отставкадағы 2 судья кіреді. Үшіншіден, Конституциялық соттың 2023 жылғы 6 желтоқсандағы №36 нормативтік қаулысын іске асыру үшін, сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша нормалар қабылданды. "Заңдылықты өрескел бұзу" деген ұғымның өзі нақтыланды", - деді Снежанна Имашева.
Сондай-ақ ол бірлескен комиссия Қазақстанның басқа да конституциялық заңдарын өзгерту туралы ұсыныстарды қарағанын жеткізді.
"Мысалы, "Республикалық референдум туралы" конституциялық заңның кейбір нормалары "Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес келтірілді. Бұл нормалар саяси партиялар мен ұйымдардың байқаушыларына, шетелдік және отандық БАҚ өкілдерінің референдум өткiзу кезiнде қатысу мүмкіндіктері мен оларды аккредиттеу тәртібіне қатысты. Сонымен қатар референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға және басқа да рәсімдік мәселелерге қатысты нормалар қабылданды", - деді депутат.
Дауыс беру нәтижесінде қол палатаның депутаттары конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Есен